Хабар телеарнасы

«Теле2 Қазақстан» компаниясы 5G интернетін іске қосты

Әзірге 5G қызметі тұрғындар үшін тек сынақ ретінде қолжетімді және ол қаладағы Панфилов көшесінде ғана қосылған.

5G мобильді интернеті бүгінде кеңінен пайдаланылатын ғаламтордан 10 есе жылдам. Ұялы телефонды пайдаланушылар жаңа технологияның арқасында сапасы жоғары бейнелерді кедергісіз көріп, көлемді қосымшаларды санаулы уақытта жүктей алады. «Жылдамдығы жоғары интернет технологиялық дамудың маңызды қадамы саналады», - дейді сала мамандары.

Сергей Коньков, «Теле2 Қазақстан» компаниясының бас директоры:

- Мұндай жаңалықты бірінші болып компьютерлік ойынның мамандары бірден байқайды. Бұл – қашықтан басқару және ғаламтормен жұмыс істеу саласындағы үлкен қадамның бірі. Бірнеше күн бұрын сынақ ретінде қосылған Панфилов көшесіндегі ғаламтор жылдамдығы қазір секундына 1,2 гигабитқа жетті. Бұл – үлкен жылдамдық.

«Теле2 Қазақстан» компаниясы 5G қызметін сынақ ретінде қосқанына 4 күн болды. Қазір жылдамдығы жоғары ғаламтор Абай атындағы Опера және балет театрынан бастап, Қарасай батыр көшесі аралығында қолжетімді. Айта кетейік, 5G қызметін пайдалану үшін аталған жылдамдықта жұмыс істейтін ұялы телефон қажет.

Сергей Коньков, «Теле2 Қазақстан» компаниясының бас директоры:

- Қазір Xiaomi, Huawei ұялы телефондарының бірқатары жоғары жылдамдықпен жұмыс істей алады. Басқа да модельдер санын қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, ұялы құрылғыларды өндірушілермен сөйлесіп, 5G қызметін қосу үшін құрылғыларын жаңалауын сұрап жатырмыз. 

Панфилов көшесінде қосылған 5G қызметі жақында «Медеу» мұз айдыны демалыс орнында қолжетімді болмақ. Қазір онда заманауи құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев