Қызылорда облысында иммуно-химиялық талдау жасайтын аппарат жоқ
Аудандарда нефролог маманы да тапшы. Бүйрегі сыр берген бір топ науқас осындай шағыммен барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Олардың мәселесіне аймақ басшысы ден қойып, тиісті тапсырмалар берген. «Одан бері бір жылдай уақыт өтсе де, оң өзгеріс байқалмайды», – дейді тұрғындар.
Әбдімәулен Әлішов 4 жыл бұрын бүйрек трансплантациясын жасатыпты. Бауыры берген бүйректі ол енді көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Ол үшін үш айда бір сынама тапсырып, қан құрамын бақылап отыруға мәжбүр. Сондықтан Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына баруға тура келеді. «Өйткені Қызылордадағы иммунохимиялық анализатор аппараты тозған», – дейді ол.
Әбдімәулен Әлішов, қала тұрғыны:
- Бүйректі ауыстырғандықтан, біз «иммунсуперстант» деген дәрі ішеміз. Қан құрамын өлшеп, біліп отыратын аппарат бар. Сол аппарат біздің облыста жоқ. Бір аппарат бар еді, ол 12 жыл болды тозығы жетіп, нәтижелері дұрыс шығып жатқан жоқ.
Ал Мира Ысқақова: «Жалағаш ауданында білікті нефролог дәрігер жоқ», – дейді. Сондықтан көбіне 70 шақырым жол жүріп, облыс орталығындағы мамандардың көмегіне жүгінеді екен.
Мира Ысқақова, Жалағаш ауданының тұрғыны:
- Бізде ауданда бүйрекке қарайтын дәрігерлер жоқ. Мысалы, ауырып тұрсам, маған қандай дәрі салу керек екенін білмейді. Сол біздің ауданға қарайтын дәрігерлер болса деп ойлаймыз.
Бүйрек қызметі бұзылған науқастар осы секілді бірқатар мәселені аймақ басшысымен онлайн кездесуде айтқан. Облыс әкімі қордаланған түйіткілді арнайы жол картасы негізінде шешуді жауапты мамандарға тапсырған.
Абай Шайнұров, қала тұрғыны:
- Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының 16 пункттен тұратын Жол картасын жасауды тапсырды. Ол жасалып, бекітілген болатын. Бірақ осы жол картасының бірде-бір пункті орындалып жатқан жоқ деуге де болады. Орындалса да, көзбояушылық.
Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары Жол картасы жүйелі жоспар негізінде жүзеге асып жатқанын айтты. Сондай-ақ иммунохимиялық анализатор аппараты биылдан қалмай сатып алынады деп сендірді.
Раушан Бақтыберлина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына 38 млн теңгеге химиялық анализатор аппаратын алу мақсатында өтінім берілді. Осы биыл алынатын болады. Жол картасы бойынша нефрологиялық орталық ашылды. Нефрология орталығындағы дәрігер мен УЗИ дәрігері Сызғанов атындағы ҰҒО-да тәжірибе алмасып, оқып келді. Зәр шығару жүйесі бойынша есепте тұратын науқастар саны былтыр 20 мың 238 болса, биыл 19 мың 235-ке азайып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Жүз мың адамға шаққанда 1 нефролог дәрігері болуы тиіс. Бүгінгі медицинаның талабы осындай. Қазір өңірде бүйректі емдейтін 9 маман бар. «Бұл 800 мыңдай халқы бар облыс үшін жеткілікті», – дейді басқарма өкілі. Дегенмен келесі жылы осы бағытта маманданған тағы 2 дәрігер оқуын аяқтап, қызметке кіріседі екен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев