Күршім ауданында жарты млрд теңгеге салынған бассейн қолдануға жарамсыз
Бассейн ашылғанда ардагерлер мен сал ауруына шалдыққан балаларға тегін болатыны айтылған. Алайда арада он ай өтсе де, халық әлеуметтік нысанның игілігін көре алмай отыр.
Үгітілеп жатқан цемент пен қаңылтыры қопарылған бассейн салынғанда ерекше қуанғандардың бірі Әсел Рамазанова болатын. Өйткені сал ауруына шалдыққан баласына судағы ем-шараның бірнеше түрін жасайды. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Былтыр желтоқсанда пайдалануға берілген нысан сол беті тұр. Жалғызбасты ана кембағал баласын жазда үйінің ауласындағы шағын бассейінге түсірген. Енді күн суытқан соң не істерін білмей отыр.
Әсел Рамазанова, Күршім ауылының тұрғыны:
- Менің балама бассейннің қажеттілігі күнде керек. Өйткені балам аралас сал ауруына шалдыққан. Сондықтан оны күнделікті суда жаттығу жасатып, оңалтудан өткізу керек. Жүзу бойынша нұсқаушы келіп, жұмыс істесе деп едік. Ол да жоқ. Бұйыртқан күні болады.
Бұйыртқан күнді Әселмен бірге талай адам күтіп жүр. Тұрғындардың айтуынша, нысан ашылғанда ғана су толтырған. Одан соң ешкім түспепті.
Нұрбек Байтұрсынов, зейнеткер:
- Аты бар да, заты жоқ болып қалды. Сыртынан қарағанда бәрі жақсы, ішінде бір уыс су жоқ. Жаңа су ағызатын жерін қарадық. Онда ешқандай құрылыс бітпеген. Суы қайда ағады? Олар су өткізгенде мұның жүйесін мамандарға көрсету керек еді.
Мамандарға кемшілігін тұрғындар өздері көрсетіп жүр. Бірақ бастапқыда жобасы дұрыс болмағанға ұқсайды. Өйткені бассейнге түсіп-шығуда қауіпсіздік ержелері бойынша да сұрақтар бар.
Дәулетхан Тоқтыбаев, Күршім ауылының тұрғыны:
- Анау шұңқырдың ішіне қалай түсіп шығады?! Бір-ақ саты. Қол тайғанайды. Оған балалар түседі. Жарымжан балалар келеді. Шалдар келеді. Қоршауы жоқ. Техникалық қауіпсіздік мүлдем сақталмаған.
Бассейнді Күршім ауданы әкімдігі салғызған. Бірақ биыл қаңтар айынан бастап аудан, ауылдағы білім мен спортқа қарасты нысандар облыстық басқарманың басқаруыны өткен. Сөйтіп, аудан әкімдігі мен спорт басқармасы бір-біріне хат жазып жүргенде 10 ай өткен. Осы тұста сапасы да сыр бере бастаған.
Дулат Қаженов, Күршім ауданының әкімі:
- Нысанның сапасын тексеретін авторлық қадағалау бар. Техникалық қадағалау бар. Ол кісілер қол қойғаннан кейін қабылданып тұр.
Қабылданып тұрғанымен облыстық спорт басқармасы иелігіне әлі алмаған. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен 500 миллионға салынған бассейннің сапасына енді сол ауыл тұрғындары алаңдап жүр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов