Биыл шөптің бағасы екі есе қымбаттап кетті
Кейбір аудандарда ол да жоқ. Сондықтан шаруалар көрші ауылдардағы шабындығы көктеген жерлерден мал азығын әзірлеуге мәжбүр. Мәселен, Күршім ауданын шөппен қамтып отырған Сарөлең ауылдық округі де биыл қурап қалды. Су тапшы. Егістік пен шабындыққа су беретін бөгет биыл көктемде жарылып кеткен.
Бұрын бұл алқапта жоңышқа жайқалап тұратын. Шаруалардың айтуынша, су мол жылдары жазда 3 рет орылатын. Биыл ақ жусан мен қалақай сияқты ашты шөп басып тұр. Бірақ соған қарамастан шаңын шығарып, шауып жатыр.
Қали Рамазанов, механизатор:
- Шөп жақсы болатын еді. Мынаны көрмейсіз бе? Су жоқ жерде жусан өсіп, басып кетті. Мына жерде негізінде жоңышқа болатын. Енді шөп керек, шауып жатырмыз.
Бұл алқаптан бұрын 5-6 ауыл шөп оратын. Артық қалғанын көрші елді мекендер шабатын. Биыл көктемде Күршім өзенінің бойындағы Мойнақ бөгеті бұзылып, суармалы жердің аңқасы кеуіп қалды. Оған қоса, ала жаздай бір тамшы жаңбыр да жауған жоқ. Енді оның кесірін халық тартып отыр.
Марат Таткенов, Сарыөлең ауылының тұрғыны:
- Екпе шөптің бағасы, жоңышқанікі бір орамы 7 мың теңге болып тұр. Бір тіркеме 70 мың. Орамаға ормай, ол 60 мың болып тұр. Былтыр басынан 20-30 мыңнан болған. Апарып бергені 35-40 мың болған. Биыл сұмдық өсіп кетті.
Иә, сұмдық. Бірақ шындық. Сарыөлеңде 3,5 мың, Барақ батыр ауылында 2,5 мың гектар суармалы жер бар. Алайда осыншама алқап ала жаздай сусыз болды. Облыстық Ауыл шаруашлығы басқармасы мамандары құрғақшылық негізінен Абай мен Аягөз ауданында болғанын айтады. Ал шөп бағасының қымбаттауының басқа да себептері бар.
Ертай Қуанбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Біріншіден айта кететін болсақ, қазіргі уақытта дизель отынының қымбаттауы себеп. Техникалық құрал-жабдықтары бар. Оның көптеген әсері де бар. Бірнеше есе қымбаттап отыр. Шығындардың барлығы халыққа жеткізілетін өнімнің құнына әсер етеді.
Құны қанша қымбат болса да, құрғақшылық болған ауданның халқы сатып алуға дайын. Шабындығына мүлде шөп шықпай қалған Абай мен Аягөз ауданына қысқы мал азығы үшін мемлекеттен 130 миллион теңге бөлінді. Ал қуаңшылыққа ұрынған кейбір ауылдар малын арзан болса да сатып жатыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов