Алматылық студент Жанғали Мақсұтов қазақша сөйлейтін робот жасады
Ізденімпаз жігіт темірге тіл бітіру үшін төрт жыл еңбектенген. Бұған қоса, оқу орнының инженерлері күн сәулесінен қуат алатын ұшқышсыз ұшатын аппаратты құрастырып шықты. Әуеде 10 сағат ұшырып, Қазақстан рекордын орнатты.
Жанғалидың робот жасауға деген қызығушылығы 7 сыныпта ояна бастайды. Бұған дейін 4 робот құрастырыпты. Ал «Тайрант-5»-тің ерекшелігі – қазақ тілінде сөйлеп, сұрақтарға жауап бере алады. Жас инженер робототехника жасаудың әліппесін интернеттен оқып үйренген. Бірақ темірге қалай тіл бітіру керек екенін өзгелер құпия ұстайды.
Жанғали Мақсұтов, студент:
- Мен соны ізденіп, тауып, өзім үйде тәжірибе жасадым. Мысалға, осы роботты сөйлету үшін 5-10 тәжірибе жасалынды. Алғашқы тәжірибеде дұрыс сөйлей алмады. Екіншісінде дыбысы дұрыс шықпады. Үшіншісінде сымдар дұрыс байланыспай қалды. Сөйтіп, көптеген тәжірибелердің арқасында осы соңғысы сапалы әрі сәтті шықты.
Роботтың алғашқы сызбасы мен нобайы төрт жыл бұрын сызылды. Биыл корпусы жасалып, бағдарламасы орнатылды. Темірге тіл бітіріп, қозғалыска келтіру үшін 130 мың теңге қаржы жұмсалыпты.
Жанғали Мақсұтов, студент:
- Алдағы уақытта осындай роботтардың басқа түрлерін жасап, бізде ауыл шаруашылығында, медицинада, өндірісте қызмет ететін темір роботтарды қолданысқа шығарғым келеді.
Университеттің зертханасында инженер Алексей Оксененко 10 сағат бойы күн энергиясы есебінен ұшуға қабілетті «SolarUAV» ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірледі. Қазақстан үшін бұл абсолюттік рекорд саналады. Ал әлемдік рекорд бар болғаны 23 минутқа артық. «Бұл көптеген технологияларды біріктіруді талап ететін қызықты әрі күрделі жоба», – дейді құрастырушы. Аппаратқа 50 күн панелі орнатылған. Нақты уақыт режимінде бейне және телеметрия мәліметтерін алуға болады.
Алексей Оксененко, ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырушы:
- Еліміз үшін мұндай құрылғылардың тәжірибелік маңызы зор. Ол ландшафтарды 3D модельдеу, карта жасау, мәліметтер жинау, жануарларды бақылау, адамдарды іздеу, фото және видео түсіру, патрульдеу сияқты тапсырмаларды орындай алады. Олардың көмегімен ұялы байланыс пен ғаламтордың орнатылуы күрделі аймақтар қамтылады. Сонымен қатар әуе қорғанысы сынағының даярлық кезінде қолданатын интерактивтік нысана жүйесі ретінде қолдануға болады.
Күн энергиясын қолданатын құрылғылар әдеттегіден ұзағырақ ұшады. Сонымен қатар арзан және экологиялық жағынан таза келеді. Өнертапқыштың мақсаты – Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібінің қажеттіліктерін өтейтін осындай аппараттарды шығаруды жолға қою.
Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев