«Самұрық-Қазына» қоры қызметкерлерінің 75% екпе салды
Мәселен, қор тобындағы компаниялардың 203 мыңнан астам қызметкері вакцина салдырған. Бұл – барлық жұмысшының 75%-і. Ел экономикасына үлкен үлес қосып отырған алып қоғам кедергісіз қозғалуы керек. Сондықтан екпе алушы қызметкерлерге түрлі жеңілдік жасалады.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы коронавирусқа қарсы екпеде жақсы нәтиже көрсетуде. 10 қыркүйек қорытындысы бойынша вакцинаның бірінші компонентін қор компанияларында еңбек ететін қызметкерлердің 74,5% немесе 203 853 адам салғызды. Оның ішінде 182 272 қызметкер, яғни 66,6% толық егілді. «Екпе ерікті түрде, жұмысшының келісімімен жүргізілуде», - дейді қордың өкілі Мұхтар Манкеев.
Мұхтар Манкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару және әлеуметтік еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры:
- Қор тарапынан үлкен екі челлендж бастағанбыз. Біріншісі, «Мен екпе алдым» деп өзінің вакцина алғанын жеке мысал ретінде көрсету. Оны біз қордың басшылығынан бастап кеттік. Екіншісі, «Вакцинацияланған» деген челленджді жалғастырып жатырмыз.
Айта кетейік, қордың ресми сайтында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында вакцина салғызған қызметкерлер санын көрсететін арнайы есеп кестесі жұмыс істейді. Қызметкерлерді вакцинацияға ынталандыру үшін ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынған. Одан өзге де жеңілдіктер жасалмақ. Басты мақсат – аурудың әсерінен болатын экономикалық тоқырауға жол бермеу.
Мұхтар Манкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару және әлеуметтік еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры:
- Вакцинация – біздің қор үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Экономикаға өзінің тікелей әсерін тигізіп отырған мына қордың портфельдік компанияларын алатын болсақ, біздің басты мақсат – солардың жұмысын тоқтатпай, одан әрі өндірістік жұмыстарын жалғастыру.
Қор көктемде Біріккен Араб Әмірліктерінен 1 млн доза вакцина сатып алып, халыққа үлестіріп берген. Енді жолаушылар көп жүретін теміржол бекеттері мен поезд вагондарында вакцинация кабинеттерін жасақтау қарастырылып жатыр.
Авторы: Аршын Кемелжан