Киелі Түркістанның келешегі туризммен байланысты болмақ
Түркістан облысы құрылғалы бері ауқымды жұмыстар атқарылып, рухани шаһар қайта түледі. Түркістан әкімшілік іскерлік және мәдени-рухани деп екі орталыққа бөлінген. Осы алып аумақта соңғы 2 жылда 257 жаңа нысан салынды.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Түркістан облыс болмай тұрған кезде мұнда бесжұлдызды қонақүйлер аз еді. Қазіргі таңда үш бесжұлдызды қонақүйіміз бар. Бір күндік келушілердің де саны артып отыр. 2021 жылы 1 млн-ға дейін жеткіземіз деген жоспар болған. Қазір 8 айдың қорытындысы бойынша 1 млн-нан асты.
Киелі шаһардың келешегі туризммен байланысты. Қазір мұнда еліміздің әр аймағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба – «Керуен сарай» кешенін көруге келетіндердің санында есеп жоқ. Аумағы 188 гектар болатын қалашықтың ішінде бесжұлдызды қонақүйлер, су бетіндегі театр, амфитеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сауда орындары мен мейрамханалар бар.
Ергеш Оспанов, Қызылорда облысының тұрғыны:
- «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі, бұрынғы шығыстық үлгідегі үйлерді көріп, өзімді орта ғасырда жүргендей сезіндім.
Ең бастысы, халықаралық әуежай іске қосылы, барлық өңірге әуе рейсі ашылды. Ыстамбұл, Ташкент және Бішкекке де ұшақ қатынайды. Қазір қысқы туризмді дамыту бағытында Қасқасу тау шаңғы базасы салынып жатыр. Келесі жылы Түркістан, Шымкент және Ташкентті байланыстыратын жүрдек пойыз жолға шығады. Ал Тәуелсіздік алған жылдары өңірде 841 елді мекен болса, соның 189-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған еді. Ал қазір...
Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні елді мекеннің 93%, қаланың 99,4% ауызсумен толық қамтылған. 2025 жылға дейін су мәселесін 100% шешеміз.
Түркістан облысы құрылған 3 жылдың ішінде өңірге 1,5 млрд доллар инвестиция тартылды. Қазір қаланың іші көгалданып, айналасындағы 7 700 гектар алқап «Жасыл белдеумен» көмкерілді.
Қайрат Әбдуәлиев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Экологияны жақсарту мақсатында биылдың өзінде облыс бойынша 30 жылдыққа орай 17 млн ағаш егілді. Жоспарымыз – жыл соңына дейін 30 млн ағаш егу.
Өңір орман шаруашылығын Өзбекстанмен бірлесіп дамытпақ. Ең бастысы, демографиялық өсім қарқынды. 90-жылдары облыс халқының саны 1 млн 800 мыңнан әзер асатын. Ал қазір Түркістан облысы тұрғындарының саны 2 млн 60 мыңға жетті.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы