«Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің журналистері еңбекақыларын ала алмай жүр
Ал Холдинг жетекшісі жалақының кешігуін мемлекеттік сатып алуға қатысты тендердің кешеуілдеуімен байланыстырады. Кілтипан облыстық ішкі саясат басқармасының жайбасарлығында көрінеді.
Облыстағы белді екі газет пен аудандық алты басылымның басын құрап отырған ірі медиахолдинг қызметкерлерінің жалақы мәселесі шарықтау шегіне жетті. Журналистердің айтуынша, еңбекақы алмағандарына бірнеше ай болған.
Саят Жақыпов, облыстық «Дидар» газетінің дизайнері:
- Еңбекақы алмағанымызға 2-3 айдан асты. Несие бар, несиені несие алып жауып жатырмыз. Шыны керек, көлігі барлар такси қызметінде жүр. Ал көлігі жоқтар жан-жақтан қарыз алып жүрміз.
Қызырбек Дүргенбайұлы, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі:
- Оның енді себебін сұрасақ, мемлекеттік тендер берілмеген. Ақша жоқ.
Ақша жоқ екенін медиахолдинг төрағасы да растап отыр. Бірақ қызметкерлер соңғы айлардың жалақысын бірнеше мәрте бөліп алған. Ал қаламақы мүлде берілмеген.
Ерлан Смағұлов, медиахолдинг төрағасы:
- Мәселе – мені жұмыстан кетіру үшін ғана әдейі конкурс жарияламай, біздің ақшамызды төлемей отыруында. «Біздің құжатымыз дұрыс емес», – дейді. Бірақ порталда бар. Порталда екі қатысушы бар. Сайтқа кірсеңіз, осы конкурсқа кірсеңіз, «Шығыс Ақпарат» жіберіледі деген.
Жалақы мен басқа да мәселе облыс әкімі жанынан құрылған бақылау кеңесінде талқыланды. Алайда ол кеңеске журналистер кіре алмады. Бақылау кеңесі ұзақ талқыдан соң, Медиахолдинг төрағасын жұмыстан босату туралы шешім қабылады. Ал жалақы мәселесі тендер өткен соң шешілуі мүмкін.
Жанат Мекеева, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Қатысушылардың бірі үстімізден шағымданып, оның шағымын қараудың мерзімі бар. Сол мерзімін қарап, құзырлы органдар дұрыс деп қабылдап, екінші кезеңге конкурс жіберіп отырмыз. Сондықтан екінші жартыжылдықтың конкурс уақыты созылып кетті.
Медиахолдинг пен басқарма тендер бойынша өзара келісе алмай жүргенде журналистер жалақы мәселесі келесі айға тағы созыла ма деп, алаңдаулы.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабахнов