Ақтөбеде 60 жыл бұрын салынған саябақ қайта жаңғыртылды
Әбден тозығы жеткен орталықты жергілікті билік биыл қолға алып, ойын алаңы мен көше спорты жабдықтарын орнатқан. Жалпы биыл шаһарда 9 саябақ қалпына келтіріліп, игілікке берілді.
Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін іргетасы қаланған бұл аудан тұрғындары үшін «Алақай» саябағының орны ерекше. Күндіз балалар асыр салып, кешкілік жастар серуенге шығатын демалыс орны соңғы жылдары құлазып қалған еді. Бұралқы ит-мысық пен тұрғылықты мекені жоқ тұлғалар жиналатын орыннан күл-қоқысы шығарылып, жарық шамдары орнатылды. Воркаут және балалардың ойын алаңдары жабдықталды.
Күләш Китакбаева, зейнеткер:
- Жас кезімізде, педучилищеде оқығанымызда осында биге келіп жүрдік. Жас кезіміз осы жерде өткендей. Енді қазір балаларға ашқаны дұрыс. Үлкен кісілерге де бар, балаларға да бар. Балалар «бос жүрмесін» деп дене шынықтырып, жүгіріп, секіріп жүргеннің өзі де тамаша дүние.
Жалпы облыс орталығында 65 саябақ бар. Олардың жартысына жуығын жөндеу қажет. Жыл соңына дейін 9 демалыс орны жаңартылуы тиіс. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Көпқабатты тұрғын үй аулаларына да 67 ойын алаңы орнатылды. Қалғандары келер жылдың еншісінде.
Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі таңда 500-ден астам балалар алаңы бар. Әлі де болса ол бойынша жұмыстар көп. Себебі 1800 көпқабатты үйлер бар. Енді солардың барлығын қамтуға жұмыстар жүргізіледі.
Көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру аясында асфальт төсеу де міндеттелген. Мәселен, биыл 200-ден астам баспана алдына көлік пен жаяу жүргіншілер жолы төселді. Бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков