Қызылқайыңдықтар ауылды басқан құмнан тұншыға бастады
Елді мекен тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Ауыл маңайында құрылысқа қажет жоғары сұрыпты құм өндіріледі. Тіпті карьердің бірі үйлерге 300 метрге дейін жақындаған. Тұрғындар: «Өндірістен келетін шаң-тозаң салдарынан ауылдан безіп кетуге шақ қалдық», - деп отыр.
Римма Шаймарданның күні үйін тазалаумен басталып, тазалық жұмыстарымен аяқталады. Өйтпесе шаң-тозаң үйдегі жиһаздарға мықтап сіңіп қалады. Тек Римма емес, ауыл тұрғындарының барлығы үшін желді күндері терезенің желдеткішін ашпақ түгілі, тысқа кіріп-шығу мұңға айналады.
Римма Шаймардан, Қызылқайың ауылының тұрғыны:
- Бізде кішкентай балалар жоқ, балалары барлардың сабаққа баруы да мүмкін емес болып кетеді. Әуелі адасып кетуі де мүмкін. Қыста қар басса, бізді құм басатын болып тұр ғой.
Қареке Тоқтамұратұлы, Қызылқайың ауылының тұрғыны:
- Жел соққан күні мұнда өмір сүру мүмкін емес. Біз құмға аунап біттік. Малдың көзі ауырады, аяқтары ақсайды. Балаларды ойнатудан қорқамыз. Құм деген бос нәрсе, сырғып тұрады. Ол басса, қаншама бала қырылып қалады.
Облыс бойынша тек осы Бұқар жырау ауданында ғана құм өндірісі бар. Құрылысқа қажет өнімнің бірі ауылдан 5 шақырым қашықтықта болса, екіншісі қолсозым жерде тұр. Аумақтың шаң-тозаңнан зардап шеккені өз алдына, өнімді артып кететін жүк көліктерінен келетін қиындықтар да бар. Кей-кейде келетін жүздеген жүк көлігі жолдың да тоз-тозын шығарған.
Бақтияр Түсіпов, құм өндіретін компания өкілі:
- Тұрғындардың шағымданғаны – ескі карьердің орны. Онда жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс 80% аяқталған. Қалған 20%-де өндіріс жүріп жатыр, бірақ ол ауылға жақын емес. 2003 жылы санитарлық аймақ ауылдан 300 метр алыс болуы керек деген, кейін заң 500 метр деп өзгертілді. Ендігі өндірісте керсінше ауылдан алыстай береміз.
Құм өндірісі кезінде шығатын бейорганикалық шаңды сарапшылар «орташа қауіпті» санатына жатқызады. Оның құрамында 70% дейін кремний диоксиді болады. Ол соншалықты қауіпті емес. Деседе кей адамдардың ағзасында тітіркену реакциясын тудырады. Ал экологиялық департамент болса мұнда әлі бас сұқпағандарын айтады.
Бақтияр Көлебаев, экология инспекторы:
- Экологиялық департаментте Қарағанды облысы бойынша бұрын соңды аталған кәсіпорынға тексеріс жүргізілмеген. Алайда жергілікті тұрғындар қағаз жүзінде арыз-шағым түсірсе, біз кезектен тыс тексеру жүргізуге дайынбыз.
Шаң-тозаңның тұрғындарға келтіріп жатқан нақты зияны бірқатар тексеруден кейін ғана белгілі болады. Құмның химиялық құрамы мен шудың нормасы да аталған тексеруден кейін мәлім болмақ. Оған дейін тұрғындардың тағы да төзе тұруына тура келетін түрі бар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев