«Аңсаған сәби» бағдарламасы: алғашқы бала дүниеге келді
Оған орай жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін көбейтілген болатын.
Дана Өмірбекова алғашқы сәбиін 9 жыл күткен. Бала сүйемін деген үмітпен талай емхананың табалдырығын тоздырғанымен, емі нәтижесіз болыпты. Жасанды ұрықтандыруды ақылы түрде жасатуға қаражаты тапшы, ал квотаға жету үшін 3 жылын жоғалтыпты. «Енді, міне, «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 15 қазанда Арман атты ұлымды дүниге әкелдім», - дейді бақытты ана.
Дана Өмірбекова, жаңа босанған ана:
- Ақпан айында «Аңсаған сәби» бағдарламасына ілініп кеттік. Аллаға шүкір, 9 ай жақсы өтті. Баласы жоқ отбасыларға осындай бағдарламалар көбірек керек деп ойлаймын.
Жасанды ұрықтандыру әдісі елімізде 1995 жылы қолға алынған. Шағын зертханадан басталған тәжірибе бүгінде іргелі ғылыми Репродуктивтік медицина институтына айналды. Қазір мұнда сәби иісін аңсаған отбасыларға бақыт сыйлау үшін іргелі репродуктивті технологиялар қолданылады. 26 жылда институт мамандарының көмегімен 16 мың бала дүниеге келген.
Аяулым Қосетова, РМИ репродуктолог дәрігері:
- Қазақстанда сәби сүйе алмағандықтан әр алтыншы жанұя ажырасуға дейін барады екен. Бедеулік бойынша ең тиімді емдердің бірі – ЭКО. Осы ЭКО арқылы көп отбасы ажырасуға дейін бармай, жанұяларын сақтап қалып, сәбилі болып жатыр.
«Армандар орындалады» көрмесі баласы жоқ отбасыларға үміт сыйлайды», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев