Журналиске күш көрсеткен күзетшілерге қатысты іс тоқтатылды
Полицейлер оқиғадан қылмыс құрамын анықтай алмаған. Мәселенің ақ-қарасын анықтауды талап еткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аталған орталыққа жиналды.
Петропавлдағы ірі сауда ойын-сауық орталығының күзетшілерімен журналистер арасындағы келеңсіз жайт үш ай бұрын болды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін сыртқа сүйреп шығарғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бірақ полицейлер істің жабылғанын мәлімдеді.
Әлнұр Ахмедьяров, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
- Іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Анықталғаны түсіру тобы қызметтік куәліктерін көрсетпеген. Онымен қоса Ashyq бағдарламасынан өтпеген. Бізге оны дәлелдеу қиынға соқты.
Ал телеоператор Төлеген Иманов сауда үйінің қызметкерлері журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді деп санайды. Сәйкесінше сезіктілер ҚК 158-і бабы бойынша жауапқа тартылуы тиіс еді. Құзырлы орган өкілдері бұл іске ат үсті қараған.
Төлеген Иманов, телеоператор:
- Ол кезде әріптестерім статустарын көру үшін бұл жүйеден өз еріктерімен өтті. Бірақ күзетшілердің ешқайсысы бізден оны талап еткен жоқ. Полиция қызметкерлерін біздің камераға түсірілген жазбаларды көруді сұрадық. Нәтижесінде, істі қайтадан ашатындары жайлы қаулы шығарып отыр. Тергеу тиісті деңгейде жүргізілмеген.
«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер дәл осы сауда үйіне жиналды. Себебі қоғамдық орында тілшілердің жұмысына шектеу қойылған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
-Темекі шегуге, ішімдік ішуге, тамақпен ішке кіруге, велосипед және итті ішке кіргізуге рұқсат жоқ. Мұнымен қоса соңғысын аңғарсаңыздар, журналистердің ішкі кіруіне де тыйым салынған. Нақ осы соңғы жапсырманың қаншалықты заңды екенін білу мақсатында мұнда полиция қызметкерлерін шақыртқан едік. Тәртіп сақшылары келіп, ешқандай шара қолдана алмай кетіп қалды.
Дегенмен заңгерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аудио-бейне түсірілім жүргізуіне ешбір заңда қатаң тыйым салынбағанын айтады.
Дмитрий Баранов, Т. Имановтың қорғаушысы:
- Бұл белгілерді меншік иесі өзінің қауіпсіздігі үшін жапсырып қойған. Бірақ ол тұтынушылар мен журналистердің құқығын бұзып тұр. Тілшілер дер кезінде ақпарат алып, оны объективті түрде беруге құқылы.
Халыққа жаңалықты бірінші болып жеткізетін мамандық иелері уақыт өткен сайын жапа шегетіндер саны артып барады деген пікірде.
Эльмира Кәленова, журналист:
- Мәдениет үйінің төбесі құлап, түсіріліміге барған кезде күзетші жанжал шығарып, камераны тартқылап, операторды күштеп қуып шықпақшы болды. Полиция қызметкерлерін шақырып журналистердің үстінен арызданған болатын. Қазақстанда БАҚ туралы заң бар. Ол заңда журналистің жұмыстағы құқығы, ақпарат алу тәртібі бекітілген. Өкінішке қарай, ол заң тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ.
Қалай болса да жаңалықтың жаршысы журналистермен жаға жартысу заң тұрғысынан да, адамшылық тұрғыдан да жөн емес. Сондықтан БАҚ өкілдері: «Құқығымыз заңмен қорғалса», - дейді.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев