Еліміздің кейбір өңірлерінде жарықтың сөнуі жиіледі
Мәселен, Шымкентте көгілдір отынның жетіспеушілігі салдарынан электр қуатын тұтынушылар көбейіп, электр жарығы ара кідік өшетін болған. Еліміздің шығысында да жағдай осыған ұқсас. Бұл жақта соңғы күндері 8 мыңнан астам тұтынушы екі сағат бойы электр жарығын тұтына алмай қалды.
Еліміздің үшінші мегаполисінде жарықтың сөнуі жиіледі. Шымкенттіктер күнде электр тоғының сөнуінен зардап шегуде. Әр шағын ауданында жарық әр уақытта өшеді. Мамандар осылайша электр көзін үнемдеп отыр екен. Ал тұрғындар: «Дәл күн суыған кезде электрден қуат алатын жылу жүйесін қолдана алмай, шетімізден ауырып жатырмыз», – деп ашынады. Зейнеткер Құдайберген Жанұзақов: «Қараңғылықтағы бірнеше сағат берекемізді қашырып бітті», – дейді. Бадам шағын ауданында да осындай жағдай. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мегаполисте газдың жетіспеушілігінен жарықты уақытша өшіретіні жайлы хабарлаған. Айтуларынша, соңғы уақытта электр энергиясын тұтыну көлемі көбейген. Осыған байланысты кернеу жүктемесін өшіріп, реттеуге тура келген.
Құдайберген Жанұзақов, Бадам шағын ауданының тұрғыны:
- Азанда өшеді де, кешке дейін жарық болмайды. Кешкі 20:00-22:00 аралығында жарық береді. Біз ол жақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп ойлаймыз. Сөйтсек, олай емес екен. Шардарада су аз болғаннан, электр станцияның күші жетпей жатыр екен. Ертең балалар «жаурап қалмасын» деп генератор әкелейін деп отырмын.
Шығыс Қазақстанда аяқ астынан электр жарығының сөнуі ең алдымен Шемонайха ауданында тіркелді. 8 мыңға жуық абонент екі сағат жарықсыз қалды. Оның 80% – заңды тұлғалар. Ресми мәлімет осылай. Дегенмен Алтай және Глубокое ауданынан да шағымданғандар бар. Электр энергиясын тасымалдайын компания өкілдері: «Облысты электр қуатымен жабдықтаушы кәсіпорынның сұранысы мен тұтынушылардың нақты тұтыну мөлшері сәйкес емес», – дейді. Сондықтан олар өз тараптарынан техникалық шаралар қолдануға мәжбүр екен.
Анатолий Тюменцев, Электр тораптарын басқарушы компания ШҚО филиалы жөндеу орталығының бастығы:
- Егер бекітілген тәуліктік норма мен тұтынушылардың шынайы қолданысы арасында сәйкестік бұзыла берсе, мұндай уақытша өшірулер әлі де қайталануы ықтимал. Күні бұрын Шемонайха ауданы мен Семей аймағында шектеулер жасалды.
Ал энергиямен жабдықтаушы мекеме өкілдерінің өз уәжі бар. Олар: «Біз қажетті электр қуаты мөлшерін сатып алуға дайынбыз, алайда елдегі станциялар ол сұранысымызды қанағаттандыра алмайды», – дейді. Салдарынан осындай жағдай туындаған. Қазір таңғы 7:00-ден 11:00-ге дейін және кешкі 17:00-ден 23:00-ге дейін шектеулер болуы ықтимал екендігі жайлы хабарлама таратылды. Дегенмен маңызды әлеуметтік нысандарда мұндай келеңсіздік болмайды деп сендірді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Нұрсұлтан Мұхамеджанов Жігер Бабаханов