СҚО-да дәрігер тапшы
Жергілікті билік өкілдері мәселені шешу үшін қалалық жерге келгендерге 2,5 миллион, ал ауылға жұмысқа орналасқандарға 3,5 миллион теңгеге дейін көтермеақы беруге дайын. Дегенмен де мамандардың өңірге барғысы жоқ.
Қостанайлық Еркін Масабаев – қолына дипломын алған жас маман. Осыдан екі ай бұрын арнайы шақыртумен облыс орталығындағы психикалық денсаулық орталығына жұмысқа орналасты. Ақ халатты балаларды да, ересектерді де қабылдай береді.
Еркін Масабаев, жас маман:
- Биыл Қарағанды медицина университетін бітірдім. Солтүстік Қазақстан облысында осындай бағдарлама бар екенін естідім. Екі жарым милилон теңге беріледі. Облыста психиатрлар жетпей жатыр. Сол үшін Петропавл қаласына келдім. Берген ақшаны тұрғын үй сатып алуға жұмсаймын.
Медициналық ұйымға биыл Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарымен қатар Нұр-Сұлтан қаласынан бес маман шақыртылды. Ал оған дейін соңғы 10 жылда медициналық орталыққа жастар мүлде келмеген.
Дәуренбек Бейсембаев, Психикалық денсаулық орталығының директоры:
- Дәрігер болмаған соң, балалар бөлімшесі жабылып қалған еді. Әйтеуір қайтадан ашылды. Жаңа келген мамандардың айлығы 350 мың теңгеден басталады. Көтермеақыларын алды. Одан қалды жалдамалы пәтерлерінің 50% төлеп беріп отырамыз.
Қазір өңірге педиатр, акушер-гинеколог, кардиолог сынды 300-ге жуық дәрігер қажет. Салдарынан басы ауырып балтыры сыздағандар кезегін айлап күтуге мәжбүр. Білікті мамандарды әлеуметтік көмек те аса қызықтырар емес.
Гүлнәр Қалиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бізде облыстық бюджеттен оқып жатқан резиденттеріміз бар. Олардың басым бөлігі 2022-2023 жылдары жұмысқа кірісуі керек. Шарт бойынша олар біздің өңірде 5 жыл еңбек етеді. Ең көп көтермеақы – Солтүстік Қазақстан облысында. Ол 2,5 миллион теңге болып отыр. Дегенмен осыған қарамастан бізде маман тапшылығы бар.
Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, бұл мәселенің туындауына дәрігерлердің зейнетке шығуы мен өзге өңірлерге көшуі себеп. Қазір өңірдің Денсаулық сақтау ұйымдарында 1400-ге жуық дәрігер мен 5 мыңнан астам орта медицина қызметкері еңбек етіп жатыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев