БҚО-да ауыл тұрғындары үшін ауызсу мөлшеріне шектеу қойылуы мүмкін
Оның үстіне тариф бағасын да өсіру ұсынылды. Жергілікті әкімдік осындай жолмен тіршілік нәрін үнемдеуді мақсат етіп отыр.
Зелёное ауылында 400 шақты шаңырақ бар. Үйлердің бәріне дерлік ауыз су құбыры кіріп тұр. Тіршілік нәрінің сапасына тұрғындардан шағым жоқ. Тек пайдалануға шектеу қойылатыны туралы ақпарат ауылдық ағайынның мазасын қашырды. Адам басына небәрі 40 литр ғана су күнделікті тұрмысқа мүлде жетпейтінін айтады.
Төлеген Есенғазиев, Зелёное ауылының тұрғыны:
- Моншамыз бар. Дәретханамыз қазір қаладағыдай үйде орналасқан. Бәріне су керек қой. Әлгі кір жуатын машина да үйде. Соның бәрі су тұрған. Ал күніне қанша дейді, 40 литр су дей ме? 40 литр – төрт шелек қой. Қайда жетеді ол?
Ал ауылдық округ әкімінің айтуынша, тұрғындар тұнық тіршілік нәрін шаруашылыққа да пайдаланады. Сондықтан шенеунік суды үнемдеу жобасын жөн көреді. Әйткенмен 4 шелек су күндегі тірлікке жұғын болмайтынын жасырмады. Ол шектеу мөлшерін сәл көбейтуді сұрайды.
Ізғали Дәулетов, Зелёнов ауылдық округінің әкімі:
- Ауылда тұрған соң, мал бар. Құс болады, тауықтар, қаздар дегендей. Оларды енді қыста өзенге шығармаймыз ғой. Оларға да су кетеді. Сондықтан 40 литр аз болады. Бір кісі басына 60 литр болса, бір кісіге бір айға 2 тонна болады. Ал 400 теңге болса, болсын, мейлі.
Ауыз суды пайдаланудың жаңа тәртібі келер жылдан бастап бекітілуі мүмкін. Тариф бағасы әр ауылда есептеу аспаптарының бар-жоғына қарай 5 есеге дейін қымбаттайды. Әкімдік саладағы шектеу мен қымбатшылықтың негізгі себебін геологиялық жағдайдың нашарлауымен байланыстырып отыр.
Нұрбану Сатыбалдиева, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Есептеу аспаптары бар тұрғындар 30 теңгеден төлеп отырса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір текше метрі үшін 90 теңгеден төлейтін болады. Есептеу аспаптары жоқ тұрғындар 40 теңгеден төлесе, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 200 теңгеден төлейтін болады.
Бұл ұсыныс облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралады. «Болашақта құрғақшылық қыспаққа алмасын десек, судың қадірін қазірден түсінген абзал», – дейді сала мамандары.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов