Ақтөбе облысында 16 ауыл газбен қамтылады
Мәселен, Хромтау ауданындағы елді мекендердің барлығы дерлік газбен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық жүйе қиырдағы Тасөткел және Ақбұлақ ауылдарына да жетті. Сондай-ақ Әйтекеби ауданының Аралтоғай ауылы тұрғындары да бүгіннен бастап көгілдір отынды тұтынушылар қатарына еніп отыр.
Қыстың қамын жаз ойлайтын шалғайдағы ағайын кем дегенде 4-5 тонна көмір мен ағаш әзірлеп келген. Бірақ Тасөткел ауылы тұрғындары биыл оның жартысын ғана сатып алған. Себебі жаңа жылға дейін жоспарланған газ құбырының құрылысын мердігерлер мерзімінен бұрын тәмәмдауға серт беріпті. Нәтижесінде ауылдықтардың қаражатын едәуір үнемдеуге сәті түсті.
Светлана Сабирова, Тасөткел ауылының тұрғыны:
- Көгілдір отынның келгені жақсы, әрине. Біз қуанышытымыз. Көмірден, күлден арылдық. Бұл біздің көгілдір отынымыз біз үшін бақыт, қуаныш. Біздің ауылымызға еселеніп келген еңбегіміз деп ойлаймын.
Әйтекеби ауданының Аралтоғай ауылы тұрғындары үшін де мереке. Самара-Шымкент тасжолы бойында орналасқан елді мекенге дейін 24 шақырымға жуық құбыр тартылып, көгілдір отын желісіне қосылды. Ауылдағы 230 үй мен төрт әлеуметтік нысанды толықтай қамтылған. Жобаның жалпы құны – 299 миллион теңге.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Газды біз алдымен даму келешегі бар, туу жағынан да, көші-қон жағынан да динамикасы жақсы ірі елді мекендерге жүргізуге тырысамыз. Әдетте бұл - шаруамен айналысу үшін суы бар, жағдайы жасалған, үлкен жолдың бойында орналасқан елді мекендер. Соны ескерсек, бізде перспективті жоспар бар.
Ақтөбе облысында жыл сайын шамамен 15 селолық округке көгілдір отын желісі тартылады. Биылғы қаңтарда 14 елді мекен жоспарланған болса, желтоқсан айына дейін тағы екеуі қосылып, 16 ауылды қамтуға сәті түскен. Нәтижесінде, облыс тұрғындарының 93% газ тұтынушылары қатарында.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков