Хабар телеарнасы

Алматыда ағаш отырғызу науқаны жүріп жатыр

Бастамаға білек сыбанып, қала экологиясының жақсаруына үлес қосамын деген азаматтарға көшеттерді әкімдік тегін берді.

Медеу ауданындағы жаңадан салынған жолайрықтың ортасына 50 түп ағашты Қазақстан қор биржасының ұжымы отырғызды. Бұл ең алдымен көпке үлгі болатын қала экологиясын жақсартуға арналған сауапты іс.   

Андрей Цалюк, Қазақстан қор биржасы басқарма басшысының орынбасары:

- Бұл қала әкімдігінің игілікті бастамасы. Бұған барлық компанияларды қатысуға шақырамыз. Бүгін жаңа жолайрық бойында 50 түп катальпа ағашын ектік. Қаланың өзге де аудандарына көшет отырғызамыз. Экологияны жақсартып, көріктендіру бойынша өз жобаларымызда да жүзеге асырамыз.

Әуезов ауданында жалғасқан науқанға қала тұрғындары белсенді қатысты. Мұнда аққайың мен қараған көшеттері егілді. Шараға қатысқан барлық тұрғынға ағаш күтімі жөнінде мәлімет жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.

Гүлмира Мұхаманова, қала тұрғыны:

- Біз әлеуметтік желілерде осы Жасыл экономика басқармасының акцияларын көріп, өтініш жіберген болатынбыз. Осы өтінішімізді қабылдап, ауламызға 49 ағаш көшетін берді. Міне, бүгін біз барлық көршілерімізбен шығып, осы аулада ағаштарды отырғызып жатырмыз. Үлкен рақмет.

Наталья Ливинская, Жасыл экономика басқармасының басшысы:

- Біз қалада ағаш егу науқаны болатыны жөнінде алдын ала хабарлағанымызда, тұрғындардан көп өтініш түсті. Әр өтініш бойынша көшет егілетін аймақтарды көріп, таңдау жасадық. Шараның мақсаты да бұл іске тұрғындарды тарту болатын. Ал егілген көшет  күтімін, жайқалып өсуін тұрғындар қадағалайтын болады. Бұл айда қала аумағында екі мыңға жуық түрлі ағаш егіледі.

Сондай-ақ емен, терек, шаған ағаштарының жас талдары Саялы мен Шұғыла ықшам аудандарына да отырғызылды. Биыл қалада 350 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 64 мыңы көктемде егілді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов