100-атқыштар бригадасының құрылғанына 80 жыл толып отыр
Дүниені дүрбелеңге салып, адамзатты сеңдей сапырылыстырған сол майданда аса үлкен ерлік көрсеткен 100-ші атқыштар бригадасының құрылғанына 80 жыл толып отыр.
11 сарбазы Кеңес Одағының батыры атағын алған бұл бригада 1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталған.
Қайсар пулеметші Мәншүк Мәметова, жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықов, оқу-ағарту саласына өмірін арнаған Асқар Закарин, полковник Әбілқайыр Баймолдин, журналист-жазушы Қасым Шәріпов, саяси жетекші Қасым Болтаев. 100-атқыштар бригадасының әр жауынгері ерекше мықты! Өйткені олар арнайы іріктеуден өткен сарбаздар еді.
Қайдар Алдажұманов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас маманы, профессор:
- 1941 жылы 13 қарашада Мемлекеттік қорғаныс комитетінің ставкасы арнайы қаулы шығарады. Онда шығыстағы ұлттық республикаларда ұлттық әскери құрамалар жасақталсын делінген. Алматыда құрылған 100-атқыштар бригадасы, жергілікті басшылық органдар, партия, кеңес органдары сол бригадаларға ең таңдаулы адамдарды жіберген.
100-атқыштар бригадасын бейресми түрде «қазақтар бригадасы» деп атап кеткен еді. Өйткені сарбаздардың 86% қазақ болды. Олар «Марс» операциясына қатысып, Ржев түбіндегі шайқаста ерекше ерлік көрсетті. «Марс» операциясының мақсаты немістің 9-шы армиясына ойсырата соққы беру еді. Ржев-Вязьма операциясына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің туған бауыры Қасым Болтаев та қатысқан. Жас сарбаз саяси жетекші болып, жауынгерлерді талай рет шабуылға бастайды. Ол 42-жылдың 22 ақпанында ұрыста қаза табады. Офицер бауырластар зиратына жерленген. Оның есімі сол шайқаста қайтыс болған өзге де саррбаздармен бірге Ржевтегі мемориалды тақтаға жазылған.
Қайдар Алдажұманов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас маманы, профессор:
- Жамбыл облысының машина-трактор станциясында жұмысшы болған, 100-бригаданың жауынгері, атақты мерген, бірнеше орден алған Ибрагим Сүлейменов те қаза болады. Ол да сол жерде жерленеді. Ибрагим Сүлейменовты «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынған екен, 230 неміс фашисінің көзін жойған. Бірақ батыр атағы берілмей, қаза болғаннан кейін Ленин орденімен наградталыпты.
Соғысқа өз еркімен аттанған Мәншүк Мәметова осы 100-атқыштар бригадасына әуелі медбике ретінде барады. Кейін «пулеметші қыз» атанады. Мәншүктің әкесі Ахмет 1938 жылы халық жауы ретінде атылып кетеді.
Орынай Жұбай, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы:
- Соғыс басталған жылы ел арасында қауесет жүреді: «Егер халық жауы болып айыпталып, ұсталып кеткен адамдардың балалары, туыстары майданның алғы шебінде ерлік көрсететін болса, олардың туыстарына рақымшылық жасалады екен». Мәншүк соншама үкілеген үмітімен сенеді. Әкесінің атылғанын білмейді. Ол әкесін құтқарып алғысы келеді.
Ржевтен кейін біздің жерлестеріміз тағы бірнеше ірі шайқасқа қатысады. Великие луки мен Невельді қорғайды. Бірақ адам шығыны көп болады. Бригада жас сарбаздармен толықтырылып, 1-атқыштар дивизиясының құрамына қосылады. Алматыда құрылған бригада жауынгерлерінің өлшеусіз ерлігі еленіп, 215 сарбаз бен офицер орден, медальмер марапатталады.
Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Әбен Нарынбаев