Атыраулық бағбан лимон өсіруді қолға алды
Аумағы 2 гектар жылыжайдан бағбандар биыл 20 тонна лимон жинапты. Климаты қатал, құрғақшылық өңірді жасыл желекке бөлеген шаруашылық, бұған дейін 35 гектар жерге алма мен жүзім бағын өсірген болатын. Енді кәсіпкер өз өнімдерін өңдеп, елдің ішкі нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, Атырауда өндірілген түрлі шырынның тұтынушыға жетер күні алыс емес деген сөз.
Лимон табиғатында кірпияз емес. Аңызақ жел мен аптап ыстықтан қорғай білсеңіз, суыққа бой бермейді. Бұл жеміс ағаштары осыдан екі жыл бұрын мынадай өскін күйінде егілген болатын. Бабын тапқан бағбан әр түп ағаштан 80-100 келі өнім жинапты.
Виктор Шефер, агроном:
- Бұл – «Мир» деп аталатын сорт. Біздің климатқа төзімді. Бастысы –температура +5 градустан аспауы тиіс. Тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Жылына осы аумақтан 20 тоннадай лимон жинаймыз. Лимон өсіру онша қиын емес, біз оны өскіннен алып көшетпен отырғызамыз.
Шаруашылық Махамбет ауданының «Сарайшық» ауылдық округіне қарайды. Бұл ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде. Қазір жылыжайда 10 адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі – ауыл тұрғындары.
Жексенбай Фазылов, Сарайшық ауылының әкімі:
- Мұнда қазір 6 адам жұмыс істейді. Ол осы Сарайшық ауылының тұрғындары. Жазғы уақыттарда студенттер келіп, бізде тәжірибеден өтіп отыр. Ауыл тұрғындары жаңа технологиямен қалай жұмыс істеу керектігін үйренеді. Сондықтан оқып жатқан мамандарымызға өте үлкен септігін тигізеді.
Мына шырын дайындау цехы жылына 3 тонна лимон мен 5 тонна алма шырынын шығарады. Осы заманғы озық технологияға негізделген өндірістің өніміне қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Келешекте табиғи таза сусындар еліміздің өзге өңірлеріне жіберілетін болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев