Ақтаудағы орталық алаңға халық қайтадан жинала бастады
Жасын Біркенов, тілші:
- Ақтау мен Мұнайлы ауданын қосатын орталық жолды адамдар жауып тастаған. Сонымен қатар теміржол вокзалына апаратын жолды да халық бөгеп тұр. Бұл ақпарды Мұнайлы ауданы әкімдігі растап отыр. Сондай-ақ Ақтау қаласында қоғамдық көлік жұмыс істемейді. Жалпы бүгін түнде қалада түн тыныш өтті. Бейбіт шеруге шыққан азаматтар мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыстар болған жоқ. «Ынтымақ» алаңына мыңдаған адам жиналып, патриоттық әндер шырқады. Ал таңғы сағат 4-тер шамасында қалың бұқара тарқай бастады. Дәл қазір алаңда 70-80 шақты адам ғана бар. Олар осы жерде тігілген шатырлар мен киіз үйлерге орналасып алған. Бүгін түнгі 01:30-да Маңғыстау облысында төтенше жағдай жарияланып, ол 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін жалғасатынын айтып кету керек. Есесіне коменданттық сағат та енгізіледі. Ол кешкі 23:00-ден таңғы 07:00 дейін созылмақ. Ал облыстың комендаты болып Полиция департаментінің бастығы тағайындалды. Жанарбек Бақтыбаев таңертең Маңғыстау азаматтарына үндеу жолдады.