Тәртіп бұзғандар қатаң жазаланады
Елде күмәнді дүрмек дүрбелең туғызып жатқанда, ашкөздікпен пайда тауып қалғысы келгендерді көрдік. Азық-түлік, киім-кешек, ұялы телефон, тоңазытқыш-теледидарға дейін тиеп ұрлық-қарлық жасалды. Кәсіпкер біткенге келтірілген шығын қазір 92 млрд теңгеден асты. Жай күнде де тонауға қылмыстық жауапкершілік бар. Ал мынадай аласапыран уақытта заңсыздық жасағандарға жаза мүлде қатал.
Айжан Тәшенова, Заңгерлік компания директоры, Заң кеңесшілері палатасы кеңесінің төрағасы:
- Қылмыстық кодекстің бірінші бөлімі бойынша жалғыз адам ұрлық жасаған болса, оған 1 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Егер бейбіт күнде оған 1-2 жыл берілсе, төтенше жағдай кезінде сот ең қатаң жаза 4 жылға түрмеге қамау туралы шешім қабылдауы мүмкін. Егер адам өміріне қауіпті емес шабуыл жасалып, ұрлық жасалса, онда қылмыскерге 3 тен 7 жылға дейін жаза беріледі.
Заңгердің айтуынша, сот қылмыс мотивтерін зерттейді. Бірақ төтенше жағдай кезінде тәртіпсіздік жасап, ұрлық-қорлық пен тонауға барғаны үшін ең жоғарғы жаза қолданылады.
Айжан Тәшенова, Заңгерлік компания директоры, Заң кеңесшілері палатасы кеңесінің төрағасы:
- Егер де ғимаратқа, нысанға заңсыз басып кіріп, ұрлық жасаған болса, онда айыпталушыны 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілуі мүмкін. Ал Қылмыстың кодекстің төртінші бөліміне сәйкес қару-жарақпен келген қарақшының кесірінен аңдаусызда адам өлімі болса, онда оған 10- нан 15 жылға дейін жаза белгіленеді. Екі жағдайда да жеке қылмыскердің мүлкі тәркіленеді.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 100 шақты ірі сауда орындары мен банктері қиратылған. Еліміздің 10 өңірінде 1 мың 200 ге жуық бизнес нысанына зардап келтірілген.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков