«Сбербанк» АҚ Алматы қаласының әкімдігіне 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты
«Сбербанк» акционерлік қоғамы алғашқылардың бірі болып игі іске жұмылды. Қаскөйлер тас-талқан еткен Ұлттық кітапхана мен Орталық музейді қалпына келтіреді.
Шағылған терезе. Сау-тамдығы қалмаған ғимарат. Бұл білімнің алтын кеніші саналатын Ұлттық кітапхана деуге ауыз бармайды. Бұзақылар ғасырлар мұрасы сақталған қастерлі шаңырақты аяусыз қиратқан. Ендігі міндет – қаскөйлердің қанды қолынан аман қалған бар байлықты шашау шығармай жинап алу. Сөйтіп, мәдениет ошағына бұрынғы келбетін қайтару. Елдегі белді қаржылық ұйым «Сбербанк» акционерлік қоғамы осы іске белсене атсалыспақ.
Елдар Теңізбаев, «Сбербанк» ЕБ АҚ басқарма төрағасы:
- Алматы қазір ең ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр. Туған қаламыз бұрынғы ажарын тезірек қайтарса екен деп тілейміз. Бұл іске «Сбербанк» ұжымы да үлес қосады. Соның бірі – тас талқан болып қираған ұлттық кітапхана ғимаратын жөндеуді өз мойнымызға алдық. Бұдан басқа да көмек түрін көрсетеміз. Cол үшін жиыны 50 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ал бұл – орталық музей. Бүлікшілер мұнда да ойран салған. «Сбербанк» еншілес ұйымы нысанды қалпына келтіруге күш салады. «Себебі тарихты жоғалту ұлттың тамырына балта шабумен тең», – дейді мамандар. Бұдан бөлек, компания қала әкімдігіне 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.
Елдар Теңізбаев, «Сбербанк» ЕБ АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін біз 10 жедел жәрдем көлігін әкімдікке табыстадық. Оны сатып алуға 460 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл реанимобильдер соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған. Бүлікшілер емдеу орындарына да шабуылдағанын білеміз. Әсіресе жедел жәрдем көліктеріне зақым келтірді.
Кешегі бүлік банк қызметін де шектегені рас. Дегенмен, қазір барлық өңірдегі бөлімшелер жұмыс істеп тұр. Тұтынушылар бұрынғыдай мамандардың көмегіне еш алаңсыз жүгіне алады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Дина Букаева