Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдайдың күші жойылады
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-парақшасында хабарлады.
«Бұған дейін Президенттің Жарлықтарына сәйкес, өзге өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, т.б. қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады. Халықтың бірлігі мен тұтастығының, құқық қорғау органдары мен әскерилердің жанкешті іс-қимылдарының арқасында Қазақстанның барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілді. Елімізде әрқашан бейбітшілік пен игілік болсын!», - деп жазды Президентінің баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда төтенше жағдай мен коменданттық сағаттың аяқталатынын, бірақ өңірде антитеррорлық іс-шара режимі және террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі әзірге сақталатынын айтқан болатынбыз.