Елде санитарлық бақылау күшейтіледі
Вирустың жаңа түрі өзге штамдарға қарағанда тез жұғады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қарапайым қағиданы қатаң ұстануға шақырды. Қоғамдық орындарда бетперде тағып, қолды үнемі дезинфекциялап тұру керек.
Коронавирус келгелі, үшінші рет Денсаулық сақтау министрі ауысты. Министрмен бірге вирус та түрленіп, түлеп отырды. Енді, міне, Омикрон «ойран салды». Ажар Ғиният та: «Қорғанысты күшейту керек» - деді. Себебі індеттің іргесі сөгілмей тұр. Керісінше кесел кеулеп барады.
Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:
– Дүниежүзін дүрбелеңге салған короновирустың Омикрон түрі еліміздің эпидемиологиялық жағдайын ушықтырды. Қазақстанда омикрон түрі тез таралып, бүгінгі күні Түркістан облысын қоспағанда еліміз бен өңірлер қызыл аймаққа ауысты. Елдегі эпидемиологиялық көрсеткіш короновирустың Омикрон түрінің таралуын растап отыр. Мәселен, соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауыру 19,6 есе, репродуктивтік сан 2,1 есе өсті. COVID-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе ұлғайды және тәулігіне 50 мың тест жасалуда.
Барлығының «илегені – бір терінің пұшпағы». Министр мың рет ауысса да міндет біреу боп қалады. Ол – мылтықсыз майданды жеңіспен аяқтау. Бірақ бұл оңайға соқпайын деп тұр. Онсызда ковидттен есеңгіреп, енді-енді есін жинаған елдің «Омикрон» құтын қашырды. Әсіресе, үш өңірдің хәлі мүшкіл. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы және Қарағанды облысында вирус қарқын алды.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Бүгін елімізде барлығы 21 мың инфекциялық төсек-орын ашылды. Оның 33%-де науқастар жатыр. Реанимациялық төсек-орын 2 мыңнан астам, оның 16% бос емес. Резервте 30 мың инфекциялық және 3 мың реанимациялық орындар бар. Өңірлер бойынша стационарлық көмек ұйымдастыру мәселесі тұрақты бақылауға алынған.
Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 9,5 млн астам адам салдырды. Ал екі бірдей компонентін 8,8 млн астам азамат ектірді. Бұл ретте Маңғыстау мен Қостанай облысындағы екпе қабылдау көрсеткші 60% төмен.
Омикронды кінәлаған Ажар Ғиният кейінгі айда вирус 20 есе қарқын алғанын жеткізді. Дегенмен мамандар: «Омикрон» анау айтқандай қорқынышты емес», - дейді.
Толғанай Шенгелбаева, инфекционист-дәрігер:
– Бұл вирустың тұмаудан қатты айырмашылығы жоқ. Әдеттегідей әлсіздік, ыстық көтерілу, жөтел мен тамақтың жыбырлауы болады. Бұл – Омикронның басты белгілері. Бірақ әр адамның жасына байланысты сәл-пәл айырмашылықтар болуы мүмкін. Қазір жаңа штамм зерттеліп жатыр. Алдын ала түбегейлі қорытынды жасау қиын. Қандай жағдай болса да, сақтық шараларын қатаң ұстану қажет.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттегі оқушылар онлайн оқуға көшті. Бірақ бұл тоқсан соңына дейін осылай жалғасады деген сөз емес. Эпидахуал түзелсе, балалар дәстүрлі форматқа ауысады. Премьер-министр адамдардың салғырттығын сынға алды. «Ел санитарлық талапты сақтауы тиіс», - деді. Енді бақылау күшейтіледі. Ал өңір әкімдері аймақтағы ахуалға тікелей жауапты болады.