ДДСҰ: шектеу шараларынан пайда жоқ
Керісінше, өз қолымызды өзіміз кескендей боламыз. Экономиканы да тежейді, әлеуметтік жағдайға да кесірін тигізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп мәлімдеді.
Мамандар жолға шыққан елге кедергі жасамау керек дейді. Өйткені құр шектеумен вирусты жеңу мүмкін емес. Оған омикронның тез таралуы дәлел. Ұлыбритания омикронға байланысты шектеулерді алатынын хабарлап та үлгерді. Бұл туралы Премьер Борис Джонсон мәлімдеді. Сөйтіп, Англияда келесі аптадан бастап кей қоғамдық орындарда ковид-төлқұжатты көрсету қажет емес. Бетперде тағу да міндетті болмайды.
Саджид Джавид, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:
– Шектеуді алу коронавирустан құтылдық дегенді білдірмейді. Себебі біз оны толық жойып, басқасының пайда болмауына ықпал ете алмаймыз. Сондықтан бұл кеселге тұмау сияқты бірте-бірте бой үйретіп, соған бейімделуге тура келеді.
Айта кетейік, Ұлыбритания былтыр желтоқсан айында омикроннның таралуына байланысты әлемде алғаш болып шектеулерді қатаңдатқан болатын. Қазір мұнда, бір қуанарлығы вирус жұқтырғандар саны артқанмен ауруханаға түскен науқастар мен өлім-жітім көрсеткіші өспеген.