Жалақы аз, қарыз көп: 50 мың теңге қай жырттыққа жамау болады?
Шын мәнінде, Қазақстанның еңбекке қабілетті халқының тең жартысы 50 мың теңгеге жетер-жетпес жалақы алып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қауымдастықпен өткен кездесуде мұны ашық айтты. Яғни бұдан еліміздегі тұрғындардың тең жартысы әлеуметтік осал топқа жататынын аңғарамыз. Себебі олардың табысы «ең төменгі жалақы» деп белгіленген 60 мың теңгеге де жетпей отыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысы – астығы аста төк аймақ. Статистика департаментінің мәліметі бойынша 2021 жылдың 3-тоқсанында өңірдегі орташа жалақы 189 392 теңге болған. Дегенмен табысы 50 мыңға жетпейтіндер де аз емес. Олардың көбі камера алдында бұл туралы айтуға бата алмады. Неге дейсіздер ғой? Себебі қарапайым халық тауып отырған напақасынан айырылып қалуға қорқады. Еден жуушы, күзетші тіпті от жағушы сынды мамандармен сөйлестім. Көбінің басында несиелері бар. Сондықтан 2-3 жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Бірі 30 мың, енді бірі 40 мың теңге маңайында жалақы алатындарын айтып қалды. Жұмыс берушілермен де тілдесіп көрдім, камерасыз, әрине. Олар талап етіліп отырған ең төменгі айлық, яғни 60 мың теңге төлейтін болса, онда салықты да артық төлеуге тиіс. Оның үстіне міндетті әлеуметтік медициналық төлем тағы бар. Яғни ешкім артық шығын шығарғысы келмейді.
Индира Хасенова, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Айлықтары 40-50 мың теңгеге жетпейтін таныстарым өте көп. Сондықтан олар бірнеше жерде жұмыс істейді. Барлығы отбасының қамы үшін.
Еркін Растенов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Ең төмен жалақы біздің қалада. Сондықтан жастарымыз мұнда көп тұрақтамайды. Ал ауылдағы ағайын әйтеуір малмен күн көріп отыр. Ал тауар бағасы болса, қалтаны қағады. Сондықтан Үкімет осыған көңіл аударса дейміз.
Иә, жастардың тұрақтамайтыны шындық. Мәселен қазірдің өзінде өңірге 860 маман жетіспейді екен. Айлықтың аздығынан олар басқа өңірлерде жұмыс істейді. Ал жергілікті халық мәселелерін айтуға да жасқанады. Яғни біздің қоғамда әлі күнге құлдық сана қалыптасқан. Бірақ қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөздің бар екенін ұмытпағанымыз абзал.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев