Маңғыстау облысында қордаланып қалған қандай мәселелер бар?
Олардың Үкіметке нақты талап қойғаны да сондықтан. Себебі қара алтынды өздері өндіріп отырса да, аймақ халқы тұрмыстық тауарларды 100% сырттан тасымалдайды. Шикізат күйінде шетел асса, дайын өнімнің қымбатқа келетіні бесенеден белгілі.
Ал азық-түліктің 80%-і – импорт. Мұнай-газ кен орындары тығыз шоғырланған өңірде 720 мыңнан астам адам тұрады. Соның 60% жуығы – ауыл азаматтары.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қаңтардың басында жүздеген адам осы орталық алаңға шықты. Көп ұзамай бейбіт шеруге қатысушылар саны бірнеше мыңға жетті. Қақаған суықта бірнеше тәулік көшеден кетпеген халықты толғандырғаны тек автогаз бағасының күрт қымбаттауы деу қате. Соңғы жылдары тұрғындар азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық тариф бағаларының аспандап тұрғанын, әсіресе жұмыссыздық мәселесін үнемі айтып келеді.
Аймұрат Таңатов, қала тұрғыны:
- Осы қымбатшылықты туғызар алдында билікте отырған ағаларымыз, апаларымыз не ойлады? Оларда ар-намыс жоқ па? Біз бәріміз бауырмыз, қазақпыз ғой. Бізде тек жеке мүддені қорғайтын заман болып кетті.
Нұрғали Мұхамбетқалиев, қала тұрғыны:
- Негізінен азық-түлік қымбат қой. Сосын киім-кешек. Шекараны жаба ма, келмей қалады. Сондай уақытта азық-түлік қымбаттап кетеді.
Ғалым Жұлдызбаев, қала тұрғыны:
- Тамақ болсын, басқа болсын барлығы да қымбаттап жатыр. Көлікті көршілес мемлекеттерден, Армениядан әкеліп мініп жүр. Біз айдап жүрген көліктер Арманияның «мусоры» деп айтады ғой. Еуразиялық одаққа кіргенген дейін жақсы болып келе жатыр еді. Өткенде газдың бағасы көтеріліп кетті. Оған да әрі-бері шыдады халық. Басында газдың бағасы 50 теңге болған. Ақыр аяғында 120 теңгеге апарды ғой.
Қолғанат Нұржаубайұлы, қала тұрғыны:
- Ілеспе газдың жерден шыққанда өзіндік құны 0 теңге. Зауытқа айдап, соны сұйылтып, елге сатудың әрі кеткенде өзіндік құны 15-20 теңгеден аспауы керек. Халық ақымақ емес. Әлеуметтік мәселелерді ғана көтеріп шықты. Бейбіт түрде аяқталды. Қазір болып жатқан өзгерістерден халық үлкен үміт күтіп отыр.
Өткен аптадан бастап облыс бойынша азық-түлік бағасына мониторинг жасау жұмыстары қайта басталды. «Алайда көтерме сауда орындарына тауардың қандай бағамен жеткізіліп, кейін қанша үстеме ақшамен сатылымға шығып жатқанын тексермейінше, бұл – бос тірлік», - дейді тұрғындар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев