Қаңтардағы наразылық кезінде жараланған сарбаздар қайтадан қатарға тұрып жатыр
Жалпы сол күндері Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бойынша 400-ге жуық жауынгер жарақат алды. Олардың тең жартысынан астамы – Алматыдағы әскери бөлімнің жауынгерлері.
Капитан Бекмұрат Іздеу қаңтарда болған тәртіпсіздік кезінде өзін емес, әуелі сарбаздарын ойлағанын айтады. Ол 55/71 әскери бөлімінде рота командирі болып қызмет атқарады. Қарамағында 130-ға жуық жауынгер бар. Жас шамалары 18-19 да ғана өрімдей жастар. «Ең алдымен, солардың аман-есен болуын тіледім. Олардың әрқайсысы мен үшін туғанымдай болып кеткен», - дейді.
Бекмұрат Іздеу, 5571 әскери бөлімінің рота командирі:
- Бір сарбазым ұсталып қалды. Сол сарбазды құтқарамын деп 10-15 адам ішінде қалдым. Басымыздағы арнайы құралды шешкен кезде артымнан келіп біреу ағашпен ұрды. Сол кезде бастан жарақат алдым. Халықтың ішінен бір азамат: «Болды, жетеді, ұрмаңдар», - деп алып шықты. Содан қайтадан сапқа тұрдым. Көп сарбаз жарақат алды. Бірақ соған қарамастан біздің сарбаздар толығымен өз міндеттерін атқарып шықты.
Бекмұраттың дене жарақатын, әскери бөлімдегі дәрігерлер емдеп жазды. Қазір қайтадан қызметіне кірісіп, сарбаздарға әскери дайындықты меңгертіп жүр.
Осы әскери бөлімнің көлік жүргізушісі Айдын Тастамбеков те қаңтардағы қақтығыстың дәл ортасында жүрді. Ол көлігімен орталық алаңға сарбаздарды апарған. Жауынгерлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс еді. Бірақ бүлікшілер тәртіп сақшыларының өздерін соққыға жығып, техникасын тартып алмақ болған.
Айдын Тастанбеков, 5571 әскери бөлімінің аға маманы:
- Олар жармасып техниканы алмақ болды. Өртемекші болды. Содан кейін үш адам ішіне бір-ақ кіріп алды. Олар мені ұрып-соқты. Мен де оларды ұрдым. Сөйтіп, түсіп кетті. Қолымнан жарақат алып, емдеу бөлімінде жатырмын. Қазір бәрі жақсы, ойдағыдай.
Дегенмен тәртіпсіздік кезінде Бекмұрат пен Айдын қызмет атқаратын әскери бөлімнің 30 техникасы бүлінді. Қазір оны қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал екі автокөлікті бұзақылар өртеп жіберіпті. Жалпы қақтығыстан Ұлттық ұланның Алматы бойынша 200-ден астам жауынгері зардап шекті. Әртүрлі жарақат алған жігіттер бірте-бірте жұмыстарына оралып жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов