Қарағанды облысының әкімі есеп беру жиынын жаңа форматта өткізді
Аймақ басшысы әр ауданға өзі барып, қордаланған мәселелерді көзбен көріп, жұрттың өтініш-тілегін тыңдап жүр.
Осылайша, биыл кенді өңірдің әкімі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есеп беру жиыны жаңа форматта өтіп жатыр.
Қызылжар ауылындағы мына шағын спорт кешені осыдан 30 жыл бұрын салынған. Әбден тозып кеткен нысанды жергілікті жұрт қайта жөндеп беруді сұрайды. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияны жаңартып, интернет желісін тартып берсе деген тілектері бар.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Бұқар жырау ауданында болған есептік кездесуінде тұрғындар өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді жіпке тізіп, шешіп беруді сұрады. Әсіресе ауданда жер дауы өршіп тұр. Мал жайылымы жетіспейді.
Мұратбек Телегавал, Сарытөбе ауылының тұрғыны:
- Ауылдың жанында бұзау бағатын жер жоқ. Мал санымен есептесек, базада ірі-қараңыз бен қойыңыз мыңнан астам, жылқыңыз 400-дей. Малдың басы өсіп жатыр.
Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:
- Біздің облыс бойынша 1 миллион гектар жайылымдық жер барын анықтадық. Оны осы жылдың соңына дейін қайтаруымыз керек. Оның ішінде мына Көкпектінің қасындағы жерлер де бар шығар.
Кездесуде бұдан бөлек апатты көпір, жол құрылысы, әлеуметтік нысандардың жетіспеуі, мал ұрлығы, коммуналдық жүйенің, электр желілерінің тозуы сынды бірнеше мәселе көтеріліп, әкім оларды шешуге күш салатынын айтып, уәде берді.
Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:
- Сұрақтардың барлығы бақылауға алынады. Шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі шешіледі деп мен жоспарлап отырмын. Енді сіздерге тамыз айында келемін.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Биыл 27 мың шаршы метр пәтер салынып, 17 спорт кешені ел игілігіне берілмек. 10 ауыл ауызсумен қамтылып, ауыл шаруашылығы саласында 19 жоба жүзеге асады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев