СҚО-да сүт өнімдері қымбаттады
Еліміздің солтүстігінде сүт қымбаттады. Мұнымен қоса ағарғаннан алынатын өнімдердің бағасы да шарықтап кеткен. Мысалы, өңірдегі сүт өндіруші зауыттар өз тауарының кейбір түрлерін бірден 15% дейін аспандатып жіберген. Оған не себеп?
Солтүстік Қазақстан облысында сүт және сүт өнімдерінің қымбаттағанына 10 шақты күн болды. Сондықтан қала тұрғындарының басым көпшілігі бұл тауарларды сүт өндіруші кәсіпорындардың дүкеніне арнайы барып сатып алады. Өйткені супермаркеттердегі баға тіптен жоғары.
Людмила Комова, қала тұрғыны:
- Ағарғандарды тек осы жерге келіп сатып аламын. Себебі зауыттан бірден дүкенге жеткізіледі. Әрі тауар мұнда көп жатпайды.
Раиса Москвитина, қала тұрғыны:
- Майлылығы 4,5% болатын сүттің бір литрі 330 теңге. Ал супермаркетте ол 350-360-қа дейін барады. Қазір қымбаттамаған дүние қалмаған шығар. Амал жоқ, аламыз. Себебі мұнда адам ағзасына аса қажет кальций дәрумені бар.
Дүкен сөрелеріндегі бағалар сәуір айының басында өзгерді. Орта есеппен алғанда өңірде айран 14,3%, сүзбе 9,5% және сары май 5,3% өскен.
Галина Фоменко, дүкен сатушысы:
- Біздің тауарлар 1 сәуірден бастап қымбаттады. Оған не себеп болғанын мен айта алмаймын. Бұл сұрақты зауыт басшылығына хабарласып, сұрасаңыздар болады.
Сұрадық, бірақ сүт өндірушілермен тіл табысу мүмкін болмады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында алты сүт өңдеу кәсіпорны бар. Өңірде ағарғанның неліктен қымбаттағанын білу үшін бірнеше кәсіпкерге хабарластық. Алайда олар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сұхбат беруден бас тартты. Неге екені, белгісіз.
Өңірде шикізат қоры жеткілікті. Мәселен, былтыр елімізде 30-ға жуық сүт тауарлы фермасы ашылса, оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында екенін айта кету қажет.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Сүт және сүт өнімдеріне қажет қаптамалар 30% қымбаттады. Олар Қазақстанда жасалмайды. Біз импортқа тәуелдіміз. Көбіне оларды кәсіпкерлер көрші елден сатып алады. Сондықтан мұның барлығы сүттің бағасына әсер етіп отыр.
«Сонымен қатар бағаның өзгеруіне сүт өнімдерін өндіретін құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшектерінің 50% қымбаттауы мен жұмысшылардың жалақысының көтерілуі әсер етті», - дейді мамандар.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев