Күршім өзеніне кәріз суы төгіліп жатыр
Осы уақыт ішінде бірде-бір салалық мекеме немесе құзырлы орган бұл мәселені түбегейлі шеше алмаған. Өзен бойындағы ауыл-аймақ халқы су көзін құтқарып қалу үшін ұлардай шулап әлі де көмек күтіп отыр.
Қабдылғазы Төлеуханов: «Күршім өзенінің бүгінгі халін көріп ішім удай ашиды», – дейді. Суы мөлдір, балығы көп су көзінің қазіргі жайы аянышты. Маңайдағы елді мекендерден шыққан кәріз суы тікелей өзенге құйылып жатыр. Бұл мәселенің айтылғанына 30 жылдан асыпты. Алайда өзгерген дүние жоқ.
Қабдылғазы Төлеуханов, аудан тұрғыны:
- Күршім өзеніне балық өрлегенді қойды. Бұрын бұл өзенде балық болып, уылдырық шашатын. Қазір бір балық жоқ. Отыз жыл болды.
Кәріз суы жиналатын тоған «Күршім коммуналдық мекемесінің» иелігінде. Оған 28 көпқабатты үйден және сегіз мекемеден қалдық су жиналады. Осы су құрылғыдан сүзіліп шығып барып, өзенге құйылуы керек. Алайда 1990 жылдан бері ол істемейді. Сондықтан кәрізден шыққан лас су сол беті Күршім өзеніне қосылып жатыр. Коммуналдық мекеме экологияға келтірген залалы үшін айыппұл төлеумен шектелген.
Аслан Ақанов, «Күршім коммуналдық кәсіпорнының» директоры:
- Тұрғындар экологияға шағымданып, соның салдарынан бізге айыппұл салынып отыр. Былтыр 10 миллион теңге айыппұл салынды. Біздің қолымызда мұндай қаражат жоқ. Әкімшілік пен ТҮКШ-ға жылда ұсыныстар жолдап отырамыз. Бұйырса, осы жылы шешімін табады деп ойлаймын.
Күршім өзенінің экологиялық ахуалына байланысты мәселе аудан әкімдігі үшін әбден жауыр болыпты. Талай жоспар жасап, тұщымды нәтижеге қол жеткізе алмаған. Соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын жаңа жоба әзірлеген. Алайда дәп сол кезде бұл шаруаға Үкімет тарапынан мораторий жарияланып, құжат қозғаусыз қалған. Биыл ғана шектеу алынып, тағы бір үміт пайда болды.
Мақсат Акрамов, Күршім аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жобалық сметаға сәйкес, құны 1 миллард теңгеден асады. Ал осы жобаны қайта түзеуге 8 миллион теңге қарастырып отырмыз. 3 жыл бұрынғы жоба қайта қаралуы мүмкін. Ол кездегі баға басқа болды, қазір білесіздер, құрылыс материалдары, жұмыстары қымбаттап жатыр. Сондықтан заңға сәйкес қайта түзетулер енгіземіз.
Бұл істен полиция департаменті де, сот та, экологтар да хабардар. Бірақ қалдықтарды шығарудың басқа жолы жоқ болғандықтан, кәріз суы Күршімге әлі құйылып жатыр.
Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:
- Негізінде лабораториялық сынамаларымызды 18 бағыт бойынша жүргіземіз. Барлық бағыт бойынша судың көрсеткіштері өте биік. Өзінің шектеулі концентрациясынан асып кеткен.
Бас экологтың айтуынша, осыған орай ұсынылған жоспар-жобалар бекітілген күннің өзінде бұл мәселе жоқ дегенде екі жылдан соң ғана шешілуі мүмкін. «Тек оған дейін Күршім өзенінен көз жазып қалмасақ болды», – дейді тұрғындар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов