Шымкенте «7-20-25» бағдарламасы бойынша заңсыз байқау өткізілген
Алайда сол байқауға өтінім беріп, жеңімпаздың тізімінен табылғандар конкурстың күшін жоюға қарсылығын білдіріп жатыр. Қала әкімдігінің алдына жиналған жұрт: «Баспаналы болу үшін өткізген өтініштерін жарамсыз деп табу – әділетсіздік», – дейді.
Көпбалалы ана Жеңіскүл Махмұтова – «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғын үй байқауында жеңімпаз деп танылған 900 адамның бірі. Кредиттік баспананың саудасына қатысу үшін «Отбасы банкіне» жылдар бойы жиған-тергенін қайтарып, талаптардың үдесінен шығуға талпынған. Алайда баспаналы болуға жақын қалғанда мәселе туындаған.
Жеңіскүл Махмұтова, қала тұрғыны:
- Қорытындысын «жарамсыз» деп таниық дегендер шығып жатыр ғой. «Тек «Отбасы банкінен» өтініш берейік» дейді. Онда біз не істейміз? Мен сияқты адамдар көп қой. Олар не істейді? Біз қайтадан «Отбасы банкіне» үш жыл ақша жинаймыз ба? Онда солай бірден айту керек еді. Мен «Отбасы банктегі» шотыммен қатысатын едім.
Әкімдіктің алдына жиылған тұрғындардың өз талап-тілегі бар. Олар: «Бұған дейін әлеуметтік желіде қоғамның қызу талқысына түскен тізімге қатысымыз жоқ», – дейді. Яғни оншақты лауазымды шенеуніктің конкурста жеңімпаз атанғаны үшін толық тізімнен күмәндануға болмайды деп отыр.
Арслан Алтай, қала тұрғыны:
- Біз бұрынғы конкурстың сол күйінде қалуын талап етеміз. Жеңімпаздар арасында әкімшіліктің адамдары, шенеуніктер, атқамінерлер болса, солардың өтінімдерінің күшін жойсын. Осы бағдарлама бойынша кезектегі тұрғындарға үй берсін.
Ал салаға жауапты әкімдік өкілдері: «Заңсыз өткізілген байқауды қайта қарап, тиісті шешімді министрлікпен бірігіп қабылдаймыз», – дейді. Ұсынымды әзірлеуге тұрғындардың арасындағы арнайы топ өкілдері де қатысатын болды.
Ерғали Білісбеков, қала әкімінің орынбасары:
- Біз, қала әкімдігі, тұрғындардың жағында боламыз. Бірақ ол жерде 900 өткен, 11 мың өтпеген адам бар. Әр адамның құқығын қорғауымыз керек. Бізге уақыт беруін сұраймыз. Бір шешімге келгеннен кейін сіздерді жинап, брифинг өткіземіз.
Кредиттік баспананың саудасын заңсыз байқау арқылы өткізбек болған тұрғын үй басқармасының басшысы қызметінен шеттетілді. Сондай-ақ 15 мемлекеттік қызметкер мен Абай, әл-Фараби аудандарының әкімдері баспанаға үміткерлер тізімінен алынып тасталды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы