Елімізде Қарилар мектебі қалай дамуда?
Жамағат мешітке жиналып, ізгі әрі сауапты амалдардың бірі Құран Кәрімнің хатым дұғасы жасалады. Осы Рамазан айында Құранды жатқа білетін қариларға үлкен міндет жүктеледі.
Ол алты жасында Құран оқуды бастады. Ал кейіннен ұстаздан сабақ алып Алланың сөзін толығымен жаттады. Жасы тоғызға келгенде «қари» атанды. 12 жасында тарауих намазын өткізуге рұқсат алды. Қазір Құранды парақтап отыру себебі – білімін бекіту.
Мансұрхан Сарварханұлы, қари:
- Мектепті де қатар алып жүрдім. Келесі демалысқа дейін бір пара жаттадым. Екінші сыныпта тағы да екі пара жаттадым. Жалпы қосқанда Құранды үш жылда жаттап шықтым.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласында қарилар аз болмаған. Бірақ XX ғасырда бұл үрдіс тоқтап қалды. Себебі көпке түсінікті. 90-шы жылдары елімізде Құранды жатқа білетіндер санаулы еді. Ал бүгінгі ахуал қалай?
Ысмайыл Сейітбеков, ҚМДБ бөлім меңгерушісі:
- Қолымыздағы дерек бойынша 672 қаридың атын қолымда тұрған мына кітапқа жазып шықтық. Қай облыста, қай қалада қанша қари бар, қай жылы дүниеге келген, қай жылы Құран жаттағанын жазып қойдық.
Бұл тізім елімізде құрылған қариларды дайындау орталығының арқасында жасалды. Олар бізде Түркістан облысының Кентау қаласы мен Құсшы ата ауылында, келесісі Жамбыл облысының Қордай елді мекенінде орналасқан. Сондай-ақ Шымкент пен Көкшетау қалаларында Қарилар орталығы құрылған.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Алтыншы елорда іргесіндегі Қосшы қаласында орналасқан. Бұл қариларды дайындау орталығының негізі осыдан он жыл бұрын қаланған. Мұнда бүгінге дейін 100-ге жуық шәкірт діни сауатын ашып, «қари» атаныпты. Қазір де шәкірттерді оқыту жұмысы жалғасуда.
Негізі шәкірттер саны бұдан екі есеге көп. Өзгелері Рамазан айында хатым Құран оқу үшін аймақтағы мешіттерге жіберілген. Шәкірттердің қари болып, дінге қызмет жасау жолын таңдау себебін өздерінен сұрадық.
Дінәсіл Ордабаев, Қариларды дайындау орталығының шәкірті:
- 7 жасымнан намаз оқыдым, арасында сүрелерді жаттап отырдым. 11-сынып бітіргенде университетке түсуге көптеген ұсыныс болды. Бірақ жүрек қалауы бойынша осы қарилыққа келдім. Қазір екі пара жаттадым.
Төлеубай Тілеухан, Қариларды дайындау орталығының шәкірті:
- Құранды қаншалықты көп жаттасаң, ақыретте сол арқылы дәрежең биік болады. Қиямет күні ата-анама нұрдан болған тәжді кидіруге мүмкіндік болады.
Шәкірттер тек кітап оқумен шектелмейді. Ішке кірген бойда ғимараттың заманауи білім беру стандартына сай жабдықталғандығын аңғардық. Жастарға жатақхана да қарастырылған. Үстел теннисі, сондай-ақ футбол ойнайды. Кейбірі ала допты ұршықша иіреді. Бұл жерде ойын мен оқу – егіз.
Кітапқа қарамай, Құранды жатқа айта білу – қарилықтың басты шарты. Жалпы бұл қалай игеріледі?
Бекзат Әбдішайых, Қариларды дайындау орталығының ұстазы:
- Шәкірттер күнделікті жаңа сабағын жаттап отырып өткен сабақтарын қайталаумен пысықтап алып жүреді. Әр бала күнделікті 1-2 бет жаңа сабақ өтеді. Үш жылда бітіріп шығуға болады. Екі жылда жаттап шыққан шәкірттер бар.
Басқа саладағыдай, Құран оқушылар арасында да жарыс бар. Жай жарыс емес, республикалық деңгейдегі сайыс.
Ысмайыл Сейітбеков, ҚМДБ бөлім меңгерушісі:
- Қарилардың саны көп. Оның ішінде әйелдер бар. Олар ыңғайсызданады. Атын бермеуі мүмкін немесе бұл хабарды естімеуі мүмкін. Ең жасы – 6-7 жасар қарилар. Көбісі кішкентай балаларын «назарға ілігеді, көз тиеді» деген мақсатта Құран жарысына әкеле бермейді.
Бір жағы ынталандыру, бір жағы оларға деген құрмет ретінде қатысушыларға арнайы сыйлықтар беріледі. Тіпті көлік те мінгізіледі. Ұстаздардың айтуынша, мұның бәрі Құранға құштарлықты арттырады.
Мансұрхан Сарварханұлы, қари:
- Сен бір пара жаттасаң, осындай нәрсе алып беремін деп мені әкем қызықтырды. Сөйтіп қызықтырып, кейін өзім қари болуға қызығып кеттім.
Сол қызығушылық оны қарилық дәрежесіне жеткізді. Бүгінде Мансұрханға мыңдаған адам ұйып намаз оқуда.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов, Мұхаметәлі Тілдебаев