Қарағанды – Балқаш арасындағы автобанның құрылысы тоқтап тұр
Қазір құрылыстың тек жартысы аяқталған. Жобаның кестеден кешігуіне не себеп?
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қарағанды – Балқаш автожолының құрылысы 5 жылға жоспарланған. Жоба бойынша 2023 жылдың мамырына дейін толық тапсырылуы тиіс. Алайда әлі күнге жұмыстың тек 45% аяқталған.
Қазір мұнда құрылыс тоқтап тұр. Жолдың бойында жұмыс істеп жатқан бірде-бір адам, не техника жоқ. Жұрт сол баяғысынша айналма жолмен қатынап жүр.
Абзал Шәріпбай, көлік жүргізуші:
- Жол нашар, жүре алмаймыз. Дөңгелектің барлығын жарып келе жатырмыз. Бұл жол қашан бітеді, айналайындар-ау?!
Елдос Жәкеев, көлік жүргізуші:
- Жолдың мәселесі, көріп тұрғандарыңыздай, нашар. Көлікке де обал. Өзіміздің де қалтамызды тесіп бара жатыр, шыны керек. Міне, салдырлатып келе жатырмыз. Баллондар жарамсыз болып қалады. Жаңадан алған баллондарды тастар тесіп тастайды.
Жол азабын жеңілдету үшін автобанның ең құрығанда екі жолағын іске қосамыз деп облыс басшылары екі жыл бойы уәде берумен келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Жыр болған жоба келесі жылы да аяқталмайтынға ұқсайды.
Дамир Ошақпаев, жобаның бас инженері:
- Жол құрылысына арналған материалдар қымбаттап кетті. Сол үшін қазір мердігер жұмысты тоқтатып, қайта сметалық құжат жасатады. Оның бәрін қарастырып жатырмыз. Жасалған және жасалуы керек жұмыстың бәрін тексеріп, санап шығамыз.
Айтуларынша, жобаның әу бастағы құны 248 млрд теңге болған. Алайда одан бергі 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны 30% өсіпті. Енді мердігерлер қосымша қаражат сұрап отыр. Бірақ өтініш орындала ма, ол жағы әзірге белгісіз. Анығы, жауапты компаниялар қалай болғанда да жұмысты 2023 жылы түгел аяқтауы тиіс.
Ерлан Жұмағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Бас мердігер құжатта көрсетілген міндеттерін орындамаған жағдайда келісімшарт бұзылады. Тіпті жобаны уақытында тапсырмаған үшін айыппұл салуымыз да мүмкін.
Еске салсақ, еліміздің көлік логистикасы үшін аса маңызды бұл ірі жобаны шетелдік екі бас мердігер және төрт қосалқы мердігер жүзеге асырып жатыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев