Жеңіс Қасымбек: Қарағанды облысының екіге бөлінуі өңірдің дамуына кері әсер етпейді
Бұған дейінгі жоспарланған барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба кестеге сәйкес жүзеге асады. Бұл жайында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен болған есептік кездесуде мәлімдеді.
Кенді өңірдің тұрғындары үшін биылғы жылдың басты жаңалығы облыстың екіге бөлінуі болды. Алпауыт компаниялар аймақтан кетсе, экономика ақсап қалмай ма деп жұрттың алаңдағаны рас. Бірақ облыс әкімі оған еш негіз жоғын айтып, қолға алынған жобалардың барлығы жүзеге асатынын жеткізді.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Өңіріміздегі жүйе құраушы ең ірі екі компания қазір облыс бюджетінің тек 21% ғана беріп отыр. Ал 17% шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде. Онда қазір тұрғындардың 33% еңбек етеді. Сондықтан «Қазақмыс» компаниясының түгелдей Ұлытау облысына көшуі Қарағанды өңіріндегі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға еш кедергі келтірмейді.
Есептік кездесуде тұрғындар әртүрлі мәселені көтеріп, әкімнен көмек сұрады. Бірі жолдың сапасын айтса, енді бірі жасыл желекті кесіп жатқан құрылысшыларға тоқтау салуды сұрады. Тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүргендер бар. Ал Қарағанөзек ауылының тұрғындары көпірге жарымай жүр.
Бақыт Семізбаева, Қараөзек ауылының тұрғыны:
- Біздің территорияда поездар, вагондар тұрады. Айналып та өте алмаймыз. Өйткені арасы алыс. Біз мектепке балаларымызды апару үшін поездың астынан өтеміз. Сондықтан халық үш жылдан бері көпір салып беруін сұрап жүр.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Ол жақта тұратын халықтың барлығын жинап, бір шешімге келеміз. Жалпы ол жақта бұрын ешқандай көпір болған жоқ. Қазір көпірді салайын деп жатырмыз. Оған 600 миллион теңге бөлдік.
Есептік кездесуде арыз-талаптарын айтып үлгермеген тұрғындарды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек соңынан жеке қабылдап, барлық мәселені бақылауға алды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев