Петровалдық ардагер Валентина Волкодав 100 жасқа толды
Қазір өңірде Ұлы Отан соғысының 15 ардагері қалған. Солардың бірі – Валентина Архиповна Волкодав. Берлинге дейін жеткен ардагер осыдан екі ай бұрын 100 жасқа толды.
Соғыс басталған шақта Валентина Волкодав 19 жастағы бойжеткен еді. Алғашында көпір салатын механикаландырылған отрядқа әскер қатарына алынып, майдан даласында жауынгерлерімізге жол салған. Кейін есепші, кассир-қазынашы болған. Кейуана наурызда 100 жасқа толды.
Валентина Волкодав, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Соғыс басталған шақта барлық ер-азаматты әскерге жаппай шақыртты. Себебі айналамызда бомбалар жарылып, қорқынышты болды. Тіпті балалар мен әйелдер тығылатын жер таппай қалды.
Майдангер Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Алайда оның майдан жолы 1945 жылдың қазанында аяқталған. Кейуананың омырауындағы «Германияны жеңгені», «Варшаваны азат еткені» және «Берлинді алғаны үшін» медальдері оның сұрапыл соғыстағы жүріп өткен жолынан сыр шертеді.
Валентина Волкодав, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- 9 мамырды Берлин қаласында қарсы алдым. Соғыс аяқталған кезде қуанышымызда шек болмады. Дегенмен бірден үйге қайтқан жоқпын. Біздің жасақты содан кейін Жапонияға жіберді.
Валентина Архиповна соғыста болашақ жолдасымен танысады. Ол әскери ревизор еді. Осылайша, күйеуге шығып, 60-жылдары Украинадан Қазақстанға қоныс аударады. Қазір майдангердің 4 немересі, 3 шөбересі бар.
Евгения Колпакова, ардагердің қызы:
- Анам – өте еңбекқор әрі жауапты адам. Кесте тігуді ұнатады. Жас кезінде осы іспен айналысатын еді. Әрине, қазір көзі нашар көреді. Бірақ оның бұл қасиеті немересіне дарыды.
Солтүстік Қазақстан облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа 90 мыңнан астам азамат аттанған. Жартысына жуығы қанды қырғында қаза болып, елге оралмады. Қазір өңірде көзі тірі 15 майдангер бар.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов