Елордалық тұрғындар 3 айдан бері заңсыз құрылыспен күресіп келеді
Айтуларынша, аулаларындағы паркингтің жолын бөгеп салынып жатқан тұрғын үй үшін құрылыс компаниясы автотұрақ қазып тастаған. Салдарынан жол бетіндегі асфальт жарылып, үйдегі қабырғаларда да жарықтар пайда болыпты. Енді олар құрылыс қарқыны осылай жалғаса берсе, Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің күйін кешеміз бе деп алаңдаулы.
GreenPark деп аталғанымен, бұл тұрғын үй кешеніне уәде етілген саябақ жоқ. Есесіне, терезесінен «Майами» көрінеді. Терезесі дейміз-ау, сәл күтсе, қабырғасынан да көрінетін түрі бар. Себебі салынып жатқан кешеннің құрылыс аумағы тым жақын болғандықтан, тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, ауладағы жолдары ойылып кеткен.
Салтанат Назарбек, тұрғын:
- Ең алдымен, ауламызда саябақ болуы керек, одан кейін банк ашылады деген. Жолдың тура маңайынан келіп, 2 қабатты паркинг салмақшы. Жолымызды алып қойғанымен қоймай, енді үйіміз құлағалы тұр. Қабырғалары жарыла бастады.
Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, оны жою туралы нұсқама берген. Алайда құрылыс компаниясы мұны елемепті.
Эльмира Алагөзова, Есіл ауданы бойынша қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:
- Қазіргі уақытта біз төтенше жағдайдың алдын алу үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру керек деп айттық. Өйткені асфальт бойында жарық бар. Құрылыс компаниясы бұл нұсқаманы орындамағандықтан, сотқа да бердік.
Қиындықпен болса да, құрылыс алаңына кіріп, жауапты тұлғалармен тілдестік. Заңгерінің сөзінше, компания айытпаулармен келіспейді. Тіпті жасап жатқан жұмыстарында еш олқылық жоқ деп сендіреді.
Нұрболат Елубаев, құрылыс компаниясының заңгері:
- Көпқабатты ғимарат салудың эскиздік жобасы мақұлданғанының өзі жұмысымыздың заңды негізде жүріп жатқанын көрсетеді. Нұсқамамен келіспейміз және оны сотта дәлелдеуге ниеттіміз.
Тұрғындар сәулет басқармасы бұл жобаны қалай бекіткеніне аң-таң. Заң бойынша, үйлер арасындағы қашықтық кемінде 15 метр болуы керек деп наразылық танытты. Құрылыс компаниясының өкілдері: «Барлығы жобаға сай», - деп бет бақтырмай отыр.
Салауат Айтқалиев, мердігер компания өкілі:
- Бұл жерде көлік тұрағы болады. Оның тұрғын үй паркингімен арадағы алшақтығы 3,7 метр. Яғни қабырға саламыз, шлагбаум орнатамыз, жолды жөндейміз. Бұл жерде біржақты жол болады. Барлығын жобаға сай жасап жатырмыз. Қоршауды уақытша орнаттық. 10 күннен кейін бұл жерде қабырға салынады.
Алайда күте-күте зар болған тұрғындар бұл мәселені бейжай қалдырғысы келмейді. Олар сотқа, тіпті шикіліктің бар-жоғын анықтау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жүгінуге бекініп отыр.
Авторлары: Дана Алиева, Таир Мерекенов