Балқаш көлінің жағасы қоқысқа толы
Соңғы бір айдың өзінде қаладан 170 текше метр, яғни 150 камаз тұрмыстық қалдық шығарылған. Алда жаз келеді. «Туристер жаппай ағылған соң, жағдай тіптен ушығады», деп дабыл қағып отыр тұрғындар. Бұған тоқтау салу үшін қайтпек керек?
Экобелсенді Анар Адамбекованың көл жағасын ластайтындармен күресіп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Волонтерлармен бірге сенбілік ұйымдастырып, жағажайды қанша тазалағанымен, нәтиже болмай тұр. Демалушылар тұрмыстық қалдықтарды шашып кетеді. «Бұған тоқтау қою үшін қолданыстағы заңды күшейту керек», - дейді ол.
Анар Адамбекова, экобелсенді:
- Заңды күшейту қажет. Міндетті түрде айыппұл салу керек. Осылай полицияның көмегімен ғана тазалыққа келеміз. Ал былай қолымыздан ештеңе келмейді. Қанша сенбілік өткізіп, әлеуметтік желіде: «Арттарыңызды жинаңыздар», - деп адамдарды кішкене ұялту үшін кейде дөрекі сөздер де жазамын. Бірақ ол көмектеспейді.
Экобелсенділер тек соңғы бір айдың ішінде жағажайдан 170 текше метр тұрмыстық қалдық шығарған. Сонымен қатар рұқсатсыз төгілген бірнеше күл-қоқыс үйіндісін анықтапты. Ол жел тұрғанда қалаға қарай ұшады екен. Құзырлы органдар тексере келе әлеуметтік насандардан шығатын күл-қоқыстың полигонға жетпейтінін байқап отыр.
Ескендір Қабидолла, қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қаладағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелері жыл басында күл-қоқыс шығаратын компаниялармен келісімшартқа отырады. Бірақ сол нысандардан күнделікті шығатын күл-қоқыс полигонға жетпейді екен. Демек, далаға, қала маңына төгеді. Енді біз оларға әр рейсті тіркеп отыруды міндеттейміз. Сонда ғана бір нәтижеге жетеміз.
Өкінішке қарай, қоршаған ортаны ластайтындар қазір тек ескертумен құтылып кетіп жүр. «Егер айыппұл төлесе, екінші рет мұндай әрекетке бармас еді», - дейді табиғат жанашырлары. Оның үстіне биыл жергілікті билік өкілдері көл жағалауына 50-ге жуық бейнекамера орнатуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев