Тараздықтар қант алу үшін дүкен алдында сағаттап кезек күтуге мәжбүр
Тараздықтар қантты кесте бойынша алып жатыр. Әлеуметтік дүкендерде қант үш күн болса, төрт күн болмайды. Сұраныс өте жоғары. Тұрғындар сөрелерде тұрған тонна-тонна қантты 3 сағатқа жеткізбей, сатып алып кетіп жатыр. Ал бұл жағдай жыл басынан бері жалғасып келеді.
Бұл – апта сайын әлеуметтік дүкендердің алдында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері болатын көрініс. Жұрт таңсәріден бастап жанталасып, қантқа кезекке тұрады. Тапшылықтан емес, бағаның арзан болуынан жиналады. Бұл жердегі баға мен коммерциялық дүкендердегі баға жер мен көктей.
Сәрсенкүл Салманова, қала тұрғыны:
- Бала-шағамызбен бірге қант үшін осы жерде жүреміз. Арзан жер осы. Мұнда 250 теңге. Арзан болған соң, халық ұзынсонар кезекте. Аптасына үш рет беріледі. Осылай қырыламыз да жатамыз. Басқа жерде қант қымбат. Жағдайы жоқ ел көп. Сол үшін қантты кішкене арзандатсын.
Темірхан Бізбаев, қала тұрғыны:
- Қантқа деген кезек өте үлкен. Күнделікті әкелінбейді. Бір келіден артық жіберілмейді. Бұл дүкенге айына екі рет, үш рет келіп тұрамын. Сол аралықта қант алу мүмкін емес.
Қайдан мүмкін болсын. Қаладағы әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорынан бір күнде таратылатын 18 тонна қант демде сатылып кетіп жатыр.
Гүлзат Дүйсенбаева, әлеуметтік дүкен сатушысы:
- Бүгін бізге 500 келі қант алып келді. Таусылды. Талап алып кетеді. Басқа дүкендерге қарағанда бағасы төмен. Қалмайды. Ең ұзағы үш сағат қой. Үш сағатта дым қалмайды.
Ал өзге коммерциялық дүкендерде қант толып тұр. Бірақ баға басқа. Келісі 400-ден 500 теңгеге дейін барады. Жұрттың арзанға ұмтылуы заңды. Бірақ әлеуметтік дүкенде бір адамға бір келі қанттан артық сатылмайды. Бұл алып сату фактілерін болдырмас үшін жасалып отырған шара көрінеді. Оның үстіне қор сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Өйткені облыстық бюджетке салмақ түсіп отыр.
Мұхтар Ботабаев, Тұрақтандыру қорының директоры:
- Біз қанттың келісін 290 теңгеден алып, халыққа 250 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл нарық бағасынан 38-40% арзан. Жұрттың кезекке тұрып алуы содан. Арнайы зерттеліп жасалған кесте бар. Қант сол бойынша таратылады. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды қамтамасыз ету үшін осындай қадамға барып отырмыз.
Тұрақтандыру қоры «тапшылық жоқ» деп сендіріп отыр. Қазір қоймада бір айға жететіндей қант бар екен. Қосымша 1000 тоннаға тапсырыс берілген. Мамандардың айтуынша, қант төңірегіндегі дүрлігу өзге сауда орындарындағы баға төмендеген жағдайда ғана тоқтайды. Ол үшін қант өндірісін ұлғайту қажет. Бұл енді басқа әңгіме...
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә