Петропавлда «сақалды» құрылыс көбейді
Халықаралық талаптарға сай болады деген медициналық мекемені түрік инвесторы биыл жыл соңында тапсыруы тиіс еді. Бірақ үлгермейді. Себебі аурухананың қабырғалары да толық қаланбаған. Бұдан бөлек, өңірде спорт пен мәдениет ошақтары да «сақалды» құрылысқа айналған.
500 орынға арналған аурухананың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түрік инвесторы бастады. Бұл – «Qyzyljar» экономикалық аймағының негізгі жобаларының бірі. Құны шамамен 115 миллиард теңгеден асады. Қазір бұл маңда күзетшіден басқа адам жоқ.
Медициналық кешен аумағында санавиация үшін ұшып-қону алаңы да қарастырылған болатын. Жаңа ғимаратқа онкология, кардиология, перинаталдық орталық көшеді деген жоспар болған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Елімізде халықаралық талаптарға сай келетін алғашқы аурухана Петропавлда салынады дегенде тұрғындардың қуанышында шек болмаған еді. Оның қазығы 2019 жылы қағылды. Қазір құрылыс жұмыстары тоқтаған. Сондықтан медициналық ошақтың қашан халық игілігіне берілетіні белгісіз.
Ал «Береке» ықшамауданында 250 орынға арналған емхана жоспар бойынша 2020 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс болатын. Әзір екінші қабаты өріліп жатыр.
Айгүл Серғазина, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Айтуға да ұят. 2020 жылы береміз деген еді. Биыл енді 2022 жыл ғой. Мен өзім дәл жанында тұрамын. Қалай жүріп жатыр? Адам бар ма істеп жатқан? Бар, істеп жатыр. Алдында тоқтап тұрған, өзім тезірек ашылғанын күтіп жүрмін ғой.
Емдеу мекемесін уақытылы тапсыра алмай отырған компания 2020 жылы облыс орталығында 244 орынға арналған студенттер жатақханасының құрылысын бастаған. Ал мұндағы жұмыстар мәжбүрлі түрде тоқтатылды.
Майгүл Қажжан, облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
- Оған басты себеп – «Тоир» мердігер компаниясымен келісімшарттың бұзылуы. Бұл мердігер компания өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған соң, құрылыс басқармасы ол кісілермен мәселенің мән-жайын сотта анықтап жатыр. Жақын уақытта бұл жерде жаңа мердігер компания құрылыс жұмыстарын жалғастыратын болады.
Ал бұл – қазақ театры. 2018 жылдан бері мұнда бірнеше мердігер ауысты. Түсірілім тобын күтіп алғандар камераға сұхбат беруден бас тартты.
Жауаптылардың айтуынша, жыл соңында көрермендер үшін театр есігі айқара ашылады. Бұдан бөлек, Айыртау, Есіл және Аққайың аудандарында бірнеше денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да ұзаққа созылып кетті.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев