ШҚО-дағы Алғабас тұрғындары сапасыз жолға наразы
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғындары: «Жөнделген жолдың рахатын көріп үлгермедік», – деп ашынады. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың күзінде аяқталған болатын. Бірақ келесі жылдың көктемінде тасжолдың талқаны шыққан.
«100 миллион теңгеден астам ақшаға осындай жол салынады десе, сенбес едім», – дейді Алғабас ауылының тұрғыны Тоқтамыс Тұрсынов. Тіпті жолдың қазіргі түрін көріп, бұрынғысы жақсырақ па еді деп налиды.
Тоқтамыс Тұрсынов, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Жас баланың миы сияқты былқ-былқ етіп жатыр. Жолымыздың сиқы осы, ойдым-ойдым. Жүре алмаймыз, техникамыз сынады.
Баланың еңбегіндей былқылдаған жол жүргізушілердің жүйкесін де, көлігін де тоздырды.
Әсет Мұхтаров, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Көлікпен жүру өте қиын. Мына жол дымын қалдырмайды.
Бақытбек Қалиев, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Былтыр тексергенде ұалыңдығы 3,5 см болып шыққан. Қазір 1,5 см болыпты, 2 см-ге де толмайды.
Сала басшылары: «Құрылысшылардан кінә жоқ», - дейді. Олар 120 миллион теңгеге тек 7 шақырымды жөндеуі тиіс екен. Бірақ халыққа көмегіміз болсын деп мердігер тағы 3 шақырымды өз есебінен жөндеген. Жұрттың наразылығын тудырған да осы 3 шақырым. Дегенмен әкімдік бұл учаскені қайта жөндейтін болды.
Мақсат Әкрамов, Күршім ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 3 шақырым жолдың астына қайтадан дренаж, труба салып жөндеу жоспарда бар. Оған бюджеттен ақша сұрап, өтінім беріп қойдық. Кемінде 50 млн ақша керек.
Жалпы ауылды аудан орталығымен қосатын бұл трасса 30 жылда бірінші рет жөнделген. Оның соңы осындай болды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов