Алматылықтар «Ана» ескерткішіне гүл қойды
Зерттеушілердің пікірінше, осы жерде 30-жылдары Ішкі істер халық комиссариатының жертөлесі орналасқан.
Алматыда таңертеңмен нөсер жауғанына қарамастан гүл қою рәсіміне адам көп келді. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, зиялы қауым мен қоғам өкілдері және Алматы әкімі Ерболат Досаев қатысты. Олар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Нәубет жылдары халық саны 3 миллионнан астам адамға азайып, еліміздің 100 мыңнан астам тұрғыны саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Ыдырыс Аяп, қала тұрғыны:
- Нәубет жылдарында Алаштың ардақты ұлдары репрессия құрбандары болып кете барды.
Әстерхан Сәрсенбаева, қала тұрғыны:
- Мамам: «қолымнан ешнәрсе келмеді», - деп қатты өкінетін. Бір жерге барса, халық жауының әйелісің, әрмен жүр деген сөздерді естіген екен.
Іс-шараға қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайғылы оқиғаларды есте сақтап, одан сабақ алу – парыз. Аштықтан талықсып жатқан баласын соңғы демі қалғанша көтеріп келе жатқан ананың ескерткіші де соны меңзеп тұрғандай.
Смағұл Елубай, жазушы:
- Ұлт болып қайғыра білмеген халық, ұлт болып қуана да білмейді. Ендеше, жылына бір күн ғана біз осы жоқтаусыз кеткен жарты халықты жалпы халық болып жоқтауымыз керек деп ойлаймын.
Естеріңізге сала кетейік Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері аталып өтеді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарынбаев