Банк номерінен хабарласқан алаяқтарға алданып қалмаңыз
Карантин кезінде дендеген қылмыс деңгейі әлі күнге дейін төмендейтін емес. Себебі күрес шаралары ескіріп, алаяқтар халықты арбаудың жаңа әдістерін тапқан. Сол себепті қадағалау, құқық қорғау органдары екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, ортақ механизм жасалды. Алаяқтықты болдырмаудың жолы қайсы?
42 жастағы Александр Пилуй интернет алаяқтарының арбауына түсе жаздады. Алаяқтар банк номерінен хабарласып, 2 млн теңгенің несиесін рәсімдемек болған. Алданып қалмаса да, полицияға шағым жазған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Александр Пилуй, қала тұрғыны:
- Оларға қосымша сұрақтар қойып едім, дұрыс жауап бермеді. Несие рәсімдеу мәселелері бойынша банкке өзім барамын дедім. Алаяқтар онлайн түрде жасау керек деген соң күмәндандым. Бірақ кәсіби мамандар сияқты сөйлесті. Сондықтан сеніп те қалдым.
Соңғы уақытта банк қызметкері болып өзін таныстырып, карточкалардан ақша аударту жиілеген. Кибералаяқтыққа төтеп беру мақсатында жаңа әдістер енгізіледі. Бұл іске екінші деңгейлі банк ұжымдары да атсалысады. Тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін шұғыл желі іске қосылып, ақпарат автоматты түрде полицияға жолданады.
Марлен Сламбеков, облыс прокурорының орынбасары:
- Банктерге алаяқтық туралы хабарлағысы келетін қоңыраулар үшін қосымша шұғыл желі қосуды ұсындық. Тұтынушылар «бір» батырмасын басу арқылы автоматты түрде операторға қосылады. Облыстағы қаржы институттары қолдау білдірді. Енді жаңа механизм іске қосылады.
Сергей Гельд, Екінші деңгейлі банк филиалы қауіпсіздік жөніндегі басқармасының бас менеджері:
- Есепшоттардан ақша аудару бойынша алаяқтық деректері тіркелді. Тұрғындар сеніп, жеке мәліметтерін беріп қояды. Кейін опық жейді. Тұтынушыларымыздың қауіпсіздігі үшін прокурорлардың ұсынысын қабылдадық.
Онлайн несие рәсімдеу және әлеуметтік желі арқылы жалған хабарлама тарату. Бұл – интернет ұрылары жиі пайдаланатын тәсіл. Жыл басынан бері үш қылмыстық топ құрықталды. Олар 150 эпизод бойынша күдікке іліккен. Мамандар ғаламтордағы хабарламаларға мониторнг жүргізеді. Нәтижесінде, күмәнді деген 50-ге жуық хабарлама бұғатталды.
Болат Нұрсейітов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Ұялы байланыс операторларының SIM-карталары кез келген адамға қолжетімді. Оларды тіркеу де оп-оңай. Бұған жол бермеу үшін компания өкілдерімен ортақ жұмыс атқаруға уағдаластық. Ресми хаттар жолдадық. Жеке тұлғаларға SIM-карталарды тіркеу бойынша шектеу қою керек.
Аймақта жыл басынан бері 600-ден астам алаяқтық дерегі тіркелсе, бір жыл бұрын 300-ге жуық факті анықталған. Өкінішке қарай, олардың жартысына жетер-жетпесі ашылған. «Бұл – күрделі іс», - дейді полицейлер. Сондықтан тұрғындар кез келген қоңырауға сенбегені жөн.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат