Esquire Picnic республика бойынша шеруін бастады
Таза ауадағы демалыс қаладағы гольф клубтың бірінде ұйымдастырылды. Биылғы жиын еліміздегі экологиялық мәселелерге арналған. Табиғатты қорғау мақсатында Алматыда басталған іс-шара әрі қарай еліміздің өзге де ірі қалаларында өтеді.
Esquire Picnic республика бойынша шеруін бастады. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру. Сондықтан ашық аспан астындағы демалыс алдында блогерлер, тик-токерлер мен танымал адамдардың қатысуымен сенбілік өтеді. Мысалы, өткен айда есімдері елген таныс жүзден астам адам Шымбұлақтың баурайын қоқыстан тазартыпты.
Диана Снегина, «Partners Media Group» баспа үйінің PR директоры:
- Біздің мақсатымыз – ғаламдық экологиялық проблемаларға адамдардың назарын аударту. Оның ішінде біздің Қазақстандағы экологиялық мәселелер бар. Мысалы, итбалықтардың, қоқиқаздардың жаппай өлуі, көлдердің суалуы, жартастардағы шимай-шатпақ жазулар ойландырады. Табиғатқа зиян келтіруді тоқтату керек.
Дәстүрге айналған Esquire Picnic алматылықтар үшін табиғат аясындағы еркін демалысымен есте қалады. Ашық аспан астындағы концерттік бағдарлама мен әзілге толы ойындар қаланың шуынан бір сәт арылуға мүмкіндік береді. Өйткені Esquire Picnic отбасылық демалысқа, достардың басқосуына арналған.
Данияр Өтеген, әнші:
- Осындай қалалық шаралар соңғы кездерде көп өтіп жатыр. Мен соған өте қатты қуанамын. Себебі жалпы алматылықтар өздеріңіз білесіздер, осылай жиналғанды жақсы көреді. Екі жыл карантинде отырдық, жиналуға тыйым салынған болатын. Шынымен де бүкіл Алматы осы жерде жүрген сияқты.
Дәстүрге айналған Esquire Picnic еліміздің бірнеше өңірінде жалғасады. Ашық аспан астындағы демалыс енді 4 рет ұйымдастырылмақ. 26 маусым күні Шымкентте жалғасып, әрі қарай Ақтау мен Нұр-Сұлтаннан кейін Алматыда тәмамдалады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов