Қазақстан картасында ресми түрде жаңа үш облыс пайда болды
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойған еді. Онда жаңадан үш облыс құру туралы айтылған. Құжат 8 маусымнан бастап күшіне енді. Ал дәл қазір Ұлытау облысында атқарылатын келелі істерге тоқталсақ. Халық саны 200 мыңнан сәл асатын жас облыстың құрамына 3 қала мен 2 аудан еніп отыр.
1997 жылдың 3 мамыры. Дәл осы күні бұрынғы Жезқазған облысы ресми Қарағанды облысының құрамына кірген. Енді ресми Ұлытау облысы пайда болды. Бұл осы өңір тұрғындарының көптен күткен арманы еді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Жезқазған ерекше қала, соған сай тұрғындарының да бір ерекшелігі байқалады. Мысалы, олардың біздегі үлкен қалалардағыдай ағыл-тегіл асығып жүргенін көрмейсің. Дәл әкімдіктің алдында қарапайым адамдардың бейғам демалып жүргенін кез келген қаладан көре бермейтінің хақ. Ұлытау облыс орталығы болады деп 16 наурыз күні айтылғаннан кейін мұнда инфрақұрылымдық, жол жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар қызу басталып кеткен. Тұрғындардың көзіне ерекше түсіп тұрғаны – ол мына тәуелсіздік монументі.
Жергілікті халық та өзгерістен оң нәтиже күтеді. Қарағанды облысының құрамында болған 25 жыл өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне де өз әсерін тигізді. Ақын-жазушылар: «Ортадан шеттетіліп қалдық», – дейді. Ал қолынан іс келетін жастар басқа қалаларға кетіп қалған.
Ғазиз Ештанаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
- Қаланың өзінде жүдеу процесі болды. Біз мына сары даладағы оқшауланып тұрған қала болып қалдық. Қанша қала мәртебесі болса да, облыста болып жатқан үлкен оқиғалардан кейде бейхабар болып қалатын тұстарымыз бар. Мәдени іс-шараларға белсене араласу мүмкіндіктері болмай жатады.
Қазір Ұлытау облысынан 12 мәслихат депутаты жасақталды. Соның бірі – Бауыржан Шыңғысов. Ол тек бюджетті бекітуге емес, болашақ әкіммен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. «Себебі жас облыста проблема да аз емес екенін мойындау керек», – дейді ол.
Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты:
- Қазіргі уақытта ең басты проблема ол – Жезқазған қаласы тұрғындарын таза ауызсумен қамту. Екінші мәселесі – экология мәселесі. Осында қазір 4 министрліктен комиссия келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс басшылары осы Жезқазған төңірегіне инвесторлар шақырып, жалғыз «Қазақмысқа» қарамай, басқа да өндіріс ашса, ол да қосымша салық, қосымша жұмыс орны. Қазір мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша мемлекеттік комиссия құрылған. Жоспарға сай облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына қоныстанып, алдағы 3 жылда жаңа ғимаратқа көшеді. Биыл жобалық -сметалық құжат жасақталса, алдағы үш жылда жоспар жүзеге асады. Қазір облыс орталығына ағылып жатқандарға да жаңа үйлер салынады.
Нұржан Орынбаев, Мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша комиссия төрағасы:
- Жезқазған қаласының батыс тұрғын үй аумағында жаңа қалалық әкімшілік орналасатын болады. Онда жеті ғимарат салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанға көшіп барып тұратын мемлекеттік қызметкерлерге 162 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Сондай-ақ 31 млрд теңге сомасында инженерлік инфрақұрылым тарту керек болады.
Осылайша, тұрғын үй құрылысына шамамен 50 млрд теңге әкімшілік ғимараттарға 13,7 млрд теңге инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд теңге қаржы керек. Қазір қанша бюджет қызметкері баратыны белгісіз, себебі штат лимиті Үкімет қаулысына сай жасақталатын болады.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Жезқазған қаласының кіреберісі. Бүгіннен бастап тұсауы кесілген Ұлытау облысының орталығы осы қала. «90 мыңға жуық тұрғыны бар бұл қаланың өндірістік әлеуетін алмағанда туристік потенциалы да бар», – дейді мамандар. Тек оны ұтымды пайдалана білу керек. Осыған дейін облыс орталығынан қашықтықта жатқан бұл қаланың инфрақұрылымдық мәселесінің тоз-тозы шыққаны айтпаса да түсінікті. Десе де жақсылыққа сенетін жергілікті тұрғындар облыс орталығы болғаннан кейін жеке инвестициялар тартылып, қаншама мәселенің түйіні табыларына сеніммен қарайды.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар