«Ақбақай» кен орны өндірісті көбейтуді жоспарлап отыр
Бүгінгі таңда кен орнында модернизация және цифрландыру бағдарламасы аясында инновациялық технологиялар енгізілген. «Жақын арада жаңа зауыт іске қосылатын болса, алтынның жылдық шығарылымы 13% артады», – дейді мамандар.
1968 жылы белгілі геолог Дубек Дүйсенбеков ашқан «Ақбақай» кен орнында қазіргі таңда жерасты жұмыстары қол еңбегінен механикаландырылған өңдеу тәсіліне көшкен. Жаңа технологияларды жастар жетік меңгеріп, жұмыс сапасы ғана емес, өнім көлемі де айтарлықтай жоғарылаған.
Ал «Алтыналмас» компаниясы олардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасапты. 600 метр тереңдікте интернет желісі ғана емес, кеншілерге керектінің барлығы бар.
Жанат Өтеп, бұрғылау қондырғысының машинисі:
- Жағдай қиын емес. Жер астында жұмыс ауыр болғанымен, осы жердегі демалатын орнымыз, жататын жеріміз, тамағымыз – бәрі жақсы. Футбол мен теннис алаңы, спортзал бар.
«Цифрлық кеніш» жобасын енгізу аясында SCADA қашықтан басқару бағдарламасы арқылы кеншілердің жер астындағы барлық іс-әрекеті бақылауда болады. Биыл «Ақбақай» кен орнындағы өндірістік көрсеткіш 1,5 есе жоғарылайды. «Өйткені жақында жаңа зауыт іске қосылады», – дейді мамандар.
Нұргелді Рәшін, «Алтыналмас АК» АҚ «Ақбақай» жобасының өндіріс бойынша директоры:
- Фаза-1-мен жұмыс істеген кезде жылына 850 мың тонна кен өңдегенбіз. Енді Фаза-2 іске қосылғаннан кейін, өңделетін кен көлемі ұлғаяды. 1 млн 200 мың тоннаға жетеді. Қосымша жұмыс орындары ашылады.
«Ақбақай» кен орны биыл 2000 келіден аса алтын өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мұнда 1 158 адам еңбек етеді. Компания жергілікті халықты жұмысқа орналастыруға ұмтылып қана қоймай, жақын маңдағы ауылдың инфрақұрылымын дамытуға атсалысады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбек