Ертіс өңіріндегі Маралды көлі туристерді қабылдауға әзір
Тұзды көлдің маңында киіз үйлер, шомылуға арналған орындар, медициналық және полиция бекеттері орнатылды. Демалыс маусымы ресми түрде ашыла қоймаса да алғашқы келушілерін қабылдап та үлгерген.
Маралды көлі Павлодар қаласынан 54 шақырым. Мөлдір суы мен шипалы сазы жұртқа танылған жерге жыл сайын мыңдаған адам демалуға келеді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Жазда ауа райының қолайсыздығы мен карантиндік шектеулерге байланысты «Маралды» демалыс орны небәрі 40 күн жұмыс істеді. Соның өзінде бұл жерге 24 мыңнан астам турист келген. Тынығушылардың көбі «Маралдының» шипалы су мен емдік қасиеттерге бай батпағына қызығады.
Маусым сайын мұнда 70 мың адам тынығып қайтады. Олардың арасында еліміздің өзге облысынан келетіндер де бар.
Нұрсипат Құрманова, тынығушы:
- Екінші рет келдім. Суы, батпағы ұнайды. Аяққа өте күшті емі бар.
Ләззат Төлеубекова, тынығушы:
- Осында жақсы көл бар дегеннен кейін келдік. Өте ұнады. Алғаш рет келіп тұрмыз. Киелі жерде орналасқан. Табиғаты да әдемі, ем шараларын жасауға болады екен.
Ішкі туризмді дамытуға бет бұрған кәсіпкер курортты аумақты қалпына келтіріп жатыр. Тұзды көлдің жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалды.
Гүлмира Отарғалиева, кәсіпкер:
- Биыл баға қымбаттамайды. Балалар мен зейнеткерлерге жеңілдік бар. Келушілерге сапалы қызмет көрсету үшін өзге кәсіпкерлерді тарттық. Олар тек коммуналдық қызмет төлемін өтейді. Көлдің жағалауында бірнеше демалыс құрылады.
Демалушылардың қауіпсіздігіне де басымдық беріледі. Медициналық және полиция бекеттері жұмыс істейді. 1000 адамға арналған орын, киіз үйлер мен өзге де тынығу аймақтары ашылады. Десе де бұның өзі аздық етуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, ауа райы қолайлы күндері мыңнан астам адам келуі мүмкін.
Авторлары:Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат