Электросамокаттармен қозғалудың ережелері қыркүйек айында бекітілуі мүмкін
Заманауи құрылғының қатысуымен болатын апаттар санын осылайша төмендету көзделуде. Электр көлігі тіпті адам өліміне соқтырған.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Тақырыптың өзектілігін түсіну үшін электросамокаттың біреуін мен де тізгіндедім. Оны табу қиындық тудырмады. Қаладағы саябақтарда жалға берушілер көп. Өйткені сұраныс жоғары.
Сырттан бақылап көргеніміз мынау. Бір самокат босаған бойы келесі адам жалға алып кетеді. Дені – бастауыш сынып оқушылары. Олардың ерекше техникаға қызығуы орынды. Оның үстіне заң тыйым салмайды. Нақтырақ айтқанда, оны тізгіндеу туралы арнайы норма жоқ. Содан да болар қалаішілік көшелерде де бұл электросамокаттар жүйіткіп жүр.
Мәлік Жұмағалиев электр сомакатын жалға беріп, нәпақа тапқандардың бірі болатын. Қазір тек велосипедті қалдырыпты. «Біреудің обалына қалғым келмейді», – дейді.
Мәлік Жұмағалиев, кәсіпкер:
- Мен өзім де құладым. Машинаға соғылып жатқанын өз көзіммен көргенмін. Сол үшін самокаттардан бас тарттым. Жалға да бермеймін.
Кейіпкеріміздің сөзін ресми сандар нақтылай түседі. 2021 жылы Қазақстан бойынша электр сомакаттың қатысуымен 68 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 71 адам жарақаттаныпты. Бір кісі қаза тапқан. 2022 жылы 41 апат болған.
Мұраталиев Жандос, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл құрылғыны қолданушылар көбейген сайын жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Алматы ереже көп бұзылатын өңірлердің алдыңғы қатарында тұр. Кей деректерге қарағанда осы мегаполистегі электр самокаттарды қолданатындардың саны шамамен 200 мыңнан асады.
Өзге қалаларда да электр самокатын тізгіндеушілер көбеюде. Тәртіппен жүрсе жарайды. Адамдарды айтпағанда үлкен жолда автомобильдердің алдын кес-кестеп өтетініне не дейсіз? Енді осыны бір жүйеге келтірудің ережесі жасалады.
Ербол Сейпілов, Доңғалақты және ауыл шаруашылығы машиналарын стандарттау комитетінің төрағасы:
- Сол самокатқа каска болу керек сияқты. Сол самокатпен бір адам ғана жүру керек деген талаптар қойылған. Қазір өздеріңіз көшеде көріп жатырсыздар, бір емес, екі адам қолданады. Самокаттарда әрине, міндетті түрде алды-артында шам болу керек.
Маңызды өзгерістер қатарында электр самокаттың жылдамдығы да қамтылады. Ол сағатына 25 шақырымнан аспауы керек. Ал тізгіндейтін тұлға 14 жастан асқан болуы тиіс. Мамандардың сөзінше, осы және өзге де ережелер қыркүйек айынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев