Еліміздің медицина саласы соңғы 10 жылда айтарлықтай дамыды
Тіпті арасында жаңалық енгізіп жатқандары да бар.
Қарағандыдағы перзентханалардың бірінде еңбек ететін Жанна Әмірбекова аяғы ауыр әйелдерді ковидтен емдеудің клиникалық протоколын жасауға қатысқан. Соның арқасында індет өршіп тұрған кезде қаншама ананың жүктілік кезеңі жеңіл өткен. Сондай-ақ тәжірибелі дәрігер өзінің шипалы қолымен бала сүю бақытына қол жеткізе алмай жүрген жүздеген отбасына қуаныш сыйлапты. Қазір Жанна Әмірбекова операция жасаумен қатар әлеуметтік желіде де белсенді. Парақшасына тіркелген 10 мың адамға тәулік бойы кеңес береді екен.
Жанна Әмірбекова, акушер-гинеколог:
- Емделушілермен 24 сағат байланыста болуға, ұялы телефонда болсын, оларға уақытылы көмек беруге біздің дәрігерлер дайын. Он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра кететін болсақ, қазіргі таңда бізде жасалатын операциялардың түрі, біздегі технологиялар, бізде жасалатын балаларды күту әлдеқайда дамыған.
Ал 36 жастағы аритмолог-дәрігер Нұрболат Лепесов – Қызылорда облысында жүрек жұмысын жақсартатын аппараттарды имплантациялаған алғашқы мамандардың бірі. Ол жүздеген күрделі операция жасап, қыл үстіндегі талай тағдырға араша болған. Кардиостимулятор, дефибриллятор және басқа да құрылғыларды адам ағзасына орнату арқылы жүрегі сыр берген азаматтардың өмірін сақтап қалуға септігін тигізуде. Жас маман мұндай күрделі емді үйрену үшін күн сайын тынбай ізденеді екен.
Нұрболат Лепесов, аритмолог-дәрігер:
- Кез келген хирургтың операция алдындағы қорқынышы болады. Тіпті күнделікті жасап жүрген операция болса да. Өйткені әр науқастың өзіндік ерекшеліктері болады.
Ақтау қаласындағы кардиохирург Талғат Жәкиев тек жарты жыл ішінде 100-ден астам күрделі операция жасапты. Қазір «Болашақ» бағдарламасының түлегі шағын инвазивті операцияларға жаңа технологияларды енгізумен айналысуда. Бұл медициналық әдіс науқастардың жазылу уақытын анағұрлым қысқартады екен.
Талғат Жәкиев, Маңғыстау облыстық ауруханасы кардиохирургиялық орталығының басшысы:
- Соңғы уақытта инвазивті оталарды жасауға көңіл бөліп жүрмін, бұл басқа өңірлерде бұрын жасалмаған. Тиімділігі – бір айдан соң науқастың денсаулығы оңалады. Жалпы өңірде жүрек ауруы бойынша жастың төмендеу үрдісі байқалады, яғни қазір жас пациенттер көп кездеседі. Мысалы, 37 жастағы ер адамнан жүрек тамырларының зақымданғанын анықтадық, негізі бұрын бұл диагноз 60 жастан асқанда ғана кездесетін.
Тізе берсек, еліміздің әр түкпірінде отандық медицинаға олжа салған осындай озат мамандар аз емес. Ең бастысы, оларға тек кәсіби мерекеде ғана құрмет көрсетпей, үнемі дәріптеу керек. Себебі тек соңғы 5 жылда ғана елімізде дәрігерлер тапшылығы екі есеге ұлғайған. Қазір шамамен 23 мың маман жетіспейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар