Қызылорда облысында қант бағасы 4,5% қымбаттады
Қызылорда облысы қант нарығында импортқа тәуелді. Сондықтан мамандар бұл өнім түрінің әлі де қымбаттауы мүмкін екенін айтып отыр. Ал әлеуметтік дүкендердегі арзан қант үшін талас ушығып барады.
Бұған дейін әлеуметтік дүкендерде 1 келі қант 263 теңгеден сатылған еді. Қазір 370 теңге болды. 107 теңге қосылған. Бірақ ұзынсонар кезек әлі де бар. Тұрғындар таңғы сағат 07:00-ден бастап әлеуметтік дүкендердің алдына жиналады. Сағаттап күткенмен, бір адамға 1 келі ғана беріледі. Бұған тұрғындар ренжулі.
Ғалия Үсенова, қала тұрғыны:
- Тегін қант таратылып жатқан жоқ. Кәдімгі ақшасымен бала басына берілсін. Мен көпбалалы анамын. Күміс алқам, қолымда 3 немерем бар. Сонда менің үйімде 11 адам өмір сүріп жатыр. Бір келі қантқа 11 адам үшін тұрмаймын ғой.
Өңірде тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынып, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрыш арқылы тұрғындарға ұсынылуда. Әр дүкенге күніне 150 келідей ғана қант жеткізіледі екен. Сатушылардың өз уәжі бар.
Сәуле Ноғайбаева, әлеуметтік дүкен сатушысы:
- Күнде сағат 11:00-де үш қап келеді. Бір сағатта тауыстым ғой. Азаннан кешке дейін алысатынымыз қант. Мына саудамызды жинап қоямыз. Қантқа да төбелесіп жатыр. Бір қант үшін естімеген сөзіміз жоқ. Бізге артық сөздер айтылады.
Қызылорда облысы қант нарығында импортқа тәуелді. Өңірге бұл өнім түрі Жамбыл, Алматы облысындағы қант зауыттарынан және Ресей елінен тасымалданады. Сонымен қатар тосап жабу кезеңі басталып, тұрғындар қант өнімін жаппай сатып ала бастаған. «Бұл да жыл сайын осы жазғы кезеңде бағаның жоғарылауына себеп болады», – дейді мамандар.
Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Республикамыздағы төрт қант зауыты шығарып үлгермей жатыр. Біз ортаға қазір делдал салып отырған жоқпыз. Тікелей зауыттан алып отырмыз. Өкінішке қарай, зауыттың бағасы қымбат. Біз қазір операторлар, тағы басқасы бар, 490 теңгеден өсірмейміз деп соған жұмыс жасап отырмыз.
Бүгінде облыс бойынша жалпы қоры 247 тонна қант бар. Сонымен қатар тікелей қант зауыттарынан 680 тонна қант өнімін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 3 315 тоннасын сатып алу жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов